22 Тамыз 2026, 13:48 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 20 мыңнан астам микрокредит берілді

2026 жылы 5 мыңнан астам жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында ауылдық аумақтарды дамыту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Негізгі назар кәсіпкерлікті қолдауға, жұмыс орындарын ашуға, халықтың табысын арттыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Үш жыл ішінде оны жүзеге асыруға 150 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы уақыт аралығында ауыл тұрғындарына 20 мыңнан астам микрокредит беріліп, соның арқасында 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

2026 жылы 5 мыңнан астам жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жеңілдетілген несие жылдық 2,5% мөлшерлемемен беріледі. Қаржыландыру мал және өсімдік шаруашылығын, өңдеу саласын, қызмет көрсету мен ауыл кәсіпкерлігінің басқа да бағыттарын қамтиды.

Бағдарламаның жаңа ережелерінде өңдеу өндірістерін қолдауды күшейту көзделген. Қаржыландырудың кемінде 20%-ын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жобаларына бағыттау жоспарланып отыр. Бұл өңірлерде дайын өнім өндірісін арттырып, ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімді бағыттардың тізімі де кеңейіп келеді. Енді қолдау дәстүрлі агробизнеспен ғана шектелмей, туризм мен ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіпкерлікке де көрсетіледі. Ауыл тұрғындары қонақ үйлерді, этно және агротуризмді, тамақтану және орналастыру нысандарын дамыту үшін несие ала алады.

Бұдан бөлек, «Даму» қоры арқылы несиелерге мемлекеттік кепілдік беру тетігі іске қосылады.

Шекара маңындағы ауылдарға да ерекше назар аударылып отыр. 2025 жылы шекара маңындағы 226 елді мекенде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 255 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде әлеуметтік нысандарды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, жолдар мен инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

2026 жылғы сәуірде Өңірлік даму тұжырымдамасында мемлекеттік қолдау бағыттарының тізімі де кеңейтілді. Оған инфрақұрылымдық жобалармен қатар, кәсіпкерлікті дамыту және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу бағыттары енгізілді.

Осылайша, ауылды дамыту саясаты негізінен инфрақұрылымдық мәселелерді шешуден жергілікті жерде тұрақты экономика қалыптастыруға қарай біртіндеп ауысып келеді. Бұл ретте өңдеу саласын, ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнесті дамытуға және толыққанды өндірістік тізбектер құруға басымдық берілмек.