«Ауыл аманаты»: Ауылдағы ағайынның әлеуетін арттыратын жоба

Ауыл аманаты жобасының негізгі мақсатының бірі - ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Бұл жоба ауылдағы ағайынның шаруашылықпен айналысып, кәсібін дөңгелетіп,жұмыс­сыз­дар санының азаюына серпін береді. «Ауыл аманаты» жобасы өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатыр, осыған дейін қандай жұмыс істелді және болашақта қай бағытта дамиды? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын BAQ.KZ тілшісі әзірлеген шолудан біле аласыздар.

«Ауыл аманаты» жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында бүкіл Қазақстан бойынша іске қосылған болатын.

«Ауыл аманаты» жобасының шарттары қандай?

Өңірлердегі ауыл-аймаққа жобаны түсіндіру мақсатында «Amanat» партиясы жанынан мобильді топтар құрылды. Олар еліміздің әр өңірін аралап, шалғай ауылдардың тұрғындарына шарттарын түсіндірді.

«Ауыл Аманаты» жобасының негізгі қаржыландыру бағыттары:

1) өңдеу саласына қатысты жобалар;

2) өсімдік шаруашылығын дамыту;

3) ауыл шаруашылығы коперативтерін жабдықтау;

4) мал шаруашылығын дамыту;

5) басқа бағыттағы бизнес жобалар.

Несиенің негізгі шарттары:

1) шағын несие мерзімі 5 жылға дейін; мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін;

2) шағын несиенің ең жоғарғы сомасы - ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК, яғни (8.6 миллион теңге), зәкірлік кооперация – шағын және орта шаруа (фермерлік) қожалықтары және/немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8 мың АЕК (27.6 миллион теңге) дейін;

3) сыйақы мөлшері жылына 2,5 пайыздан аспайды.

Несие талаптары:

1) несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс;

2) басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы керек;

3) мемлекеттік кірістер органдарында берешек болмауы тиіс;

4) кепілмен қамтамасыз ету;

5) зейнет жасына жетпеген;

6) ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайдың (жер телімі, қораның) болуы қажет.

Өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатыр?

Түркістан облысында 2023 жылы Республикалық бюджеттен бағдарламаны жүзеге асыруға 19,8 млрд.теңге бөлінген. Негізгі 6 бағытты қаржыландыруға басымдылық беріліп, 3 256 жоба қаржыландырылған. Жобаға 16 ауданда пилоттық түрде 64 ауылдық округ қатысқан.

Жобаның нәтижесінде 3413 жаңа жұмыс орындары құрылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 85 отбасынан 340 адамға қысқартылды. Табыс көзі орташа жалақы 20 % ұлғайып, шағын кәсіпкерлер саны 2 544 бірлікке артты. 64,2 мың бас мал басы сатып алынды. 19 қайта өңдеу кәсіпорындары ашылды, 75 АШӨК құрылды, 16,4 га алқапқа 328 жылыжайлар салынды, - дейді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Өңірде жобаны іске асыру үшін жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілген.

Кооперативтерге 992,0 млн. теңгеге 40 ауыл шаруашылығы техникаларымен жабдықтары сатып алынды. Үлгілі кооперативтер өнім өндіруден, оны өңдеп өткізуге дейін табысты жұмыстарын жүргізуде, - дейді Нұрбек Бадырақов.

Ал Жамбыл облысында жоба аясында 2023 жылы 25,5 млрд. теңге бөлінген. 4076 жоба қаржыландырылып, бағдарламамен 38 ауылдық округ қамтылған. Оның ішінде 152,2 мың бас мал мен 183 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу қаржыландырылған. 2024 жылдың өңір жобаның жалғастыру мақстатында республикалық бюджеттен 10,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуді күтіп отыр. Оған кемінде 1200 жоба қаржыландырылды.

Еліміздің батыс өңірінде де жоба өз нәтижесін беріп жатыр. Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы 2022 жылдың қараша айында басталады. Жобаны қаржыландыруға 2022 жылдың қараша айында 3,0 млрд.тг, 2023 жылы ақпан айында 3,5 млрд. тг. қаражат бөлінген. 

Жобаның әрі қарай жүзеге асырылуы үшін қосымша тағы да қыркүйек айында қосымша 12,5 млрд. тг. қаражат бөлінеді. Аталған қаражат толығымен игеріліп,15,1 млрд. теңгеге 2704 жобаға несие берілген. 

Өңірде несиенің басым бөлігі өңдеу және шағын бизнестің өзге түрлеріне пайдаланылған. Бұл бағытта 6,1 млрд. теңгеге 1114 жобаға несие берілсе, оның ішінде 88 наубайхана, 59 кондитер, 184 шағын сүт өңдеу және 93 ет өңдеу, 72 тігін, 118 монша, 44 қоғамдық тамақтану орындары, 10 балық өсіру, 133 көлік жөндеу, 39 шаштараз, 13 әсемдік салоны және 261 өзге де жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Жобаның тиімділігі қандай?

«Ауыл аманатын» іске асыру кезінде өңірлерде 400-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оның 321-і 6,7 миллиард теңге сомасына қаржыландырылған.

«Amanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев «Ауыл аманаты» бағдарламасы адамдардың табысын арттыратын жалғыз жоба екенін айтады.

«Ауыл аманаты» жобасына ұқсайтын бағдарлама жоқ. Біріншіден, 2,5 пайызбен несиені не банктер, не микроқаржылық ұйымдар бермейді. Екіншіден, банктер ауылда қаржылай несие бермейді, себебі онда кепілдікке беретін ештеңе жоқ деп есептейді. Тіпті олар несие берген күннің өзінде 0,4 коэффициентпен береді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасына 0,7 коэффициентпен несие беру қарастырылған. Мәселен, несие алушының кепілдіктегі үйі бір миллион теңгеге бағаланса, 700 мың теңге беріледі. Ал банктер баспананы бір миллион теңгеге бағаласа, 400 мың теңге ұсынады. Жобаның осындай ұтымды жері бар, – дейді Эльдар Жұмағазиев.

Аталған жобаның тағы бір ескеретін тұсы 2025 жылы халық несие алмас бұрын орталықтарда оқытылады.

Өткен жылы 366 ауылдық округке бір-бір несиеден берілген. Бір ауылда тек бір адам несие алса, ол жақтың экономикасы өспейді ғой. Сондықтан қазір партия бір ауылға 50-60 несиені беруді көздеп отыр. Сол кезде ғана экономикасы өзгеріп, ауылдан шығатын тауарлар көбейеді, – дейді Эльдар Жұмағазиев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет екенін айтқан еді.

Осы тұста президенттің тапсырмасымен «тауар несиесі» келесі жылдан бастап бағдарламаға енеді.

Біз «тауар несиесін» мемлекеттік бағдарламалардан несие ала алмайтын азаматтарға бағыттайық деп ұсыныс бердік. Несиесін 90 күннен артық жаба алмай жүргендердің саны 1 миллион 700 мыңнан 2 миллионға дейін жетеді. Олардың бәрі қара тізімде. Сол себепті де «Ауыл аманаты» жобасына ене алмайды. Енді мұндай азаматтарға «тауарлы несие» беру арқылы өз несиесінен құтылуға мүмкіндік жасағымыз келеді. «Тауарлы несие» алатындар өз несиесін де жауып, тауарлы несиені де қайтаруы керек,- партия хатшысы.

Айта кетейік, былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасына деген сұраныс оңтүстік өңірде жоғары болған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы