"Ауыл аманаты" арқасында табысқа жеткен жас кәсіпкер
Қаракемер ауылында туған Жұмабай Жантөре Жанболатұлы – бүгінгі таңда аудан мен облыста ғана емес, республикада да өзіндік орны бар жас кәсіпкер. Оның жетістігі – тек өз еңбегі мен шыдамдылығында ғана емес, мемлекет тарапынан жасалған қолдаулар мен бағдарлама мүмкіндіктерінде де жатыр. BAQ.KZ тілшісі әңгімелескен кәсіпкер көңіл түкпіріндегі ой-арманымен бөлісті.
Біз Жантөренің кәсіп жолын, қымыз өндіру тәжірибесін, алдағы жоспарын, сондай-ақ Ауыл аманаты” жобасының маңызын және ауыл әкімінің риясыз пікірін қосып жазуды жөн көрдік.
Жұмабай Жантөре — 2002 жылы Жамбыл ауданына қарасты Қаракемер ауылында дүниеге келген. Ауылда өсті, табиғатқа жақын болып, төрт түлікке деген сүйіспеншілік бала күннен бойына сіңген. Оның әкесі — жылқы баптаумен айналысқан. Жантөре сол өнерді бала кезінен бойына сіңірген. Оқу жолын аяқтаған соң ол Алматыда ауыл шаруашылығы саласында білім алып, теория мен практиканы үйлестіре жүріп, туған жеріне оралуға шешім қабылдады. Оның басты ұстанымы — қалаға қоныс аударып кеткенше, туған ауылына үлес қосу, ауыл кәсіпкерлерін көбейту. Осы мақсатпен ол өзінің негізгі бағытын — жылқы шаруашылығы мен одан дайындалатын қымыз өндірісіне бағыттады.
Жантөренің айтуынша "Қалаға кетсем, бәлкім, табыс табармын. Бірақ ауылдан шықпай, ауылды дамытсам, менің перзенттік борышым да өтеледі, туған жерге деген қарызым да қайтарылады".
Осы бір сөз-ақ оның ұстанымы мен болашаққа деген ниетін айқындайды. "Төреқымыз" брендімен шығатын қымыз өндірісі — қоғамда қазір жиі айтылып жүретін "шикізатты өңдеуден өткізу" тұжырымдамасына жақсы мысал. Жұмабайдың қымыз өндіру әдісі әрі дәстүрлі, әрі тиімді. Бүгінгі таңда жас кәсіпкердің үйінде сауынды 20 биесі бар. Біраз уақыттан бері тұрақты түрде күніне 7 рет, әр ретте 2–3 сағаттан сауылады. Әдетте бір бие бір сауымда шамамен 1 литр сүт береді. Осылайша, орташа есеппен күніне 100 литр қымыз өндіріледі. Ұлттық сусын Алматы, Астана және Қызылорда қалаларына жеткізіледі. Бұл үлкен нарық, әрі қымызының сапасы мен халал стандарттарға сай болуын талап етеді. Жас кәсіпкер өндірісті бастамас бұрын нарықты зерттеген, тұтынушы талғамын, логистиканы, қымызы тұтынатын орындарды анықтаған. Қазір "Төреқымыз" қымызының халал сертификаты бар, яғни ол мұсылман тұтынушылар үшін таза әрі сенімді өнім деп танылады. Айта кету керек Жұмабай өз кәсібін дамыту үшін "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алды. Бұл — ауылдық кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау жобасы. Бұл бағдарлама ауылдағы жобаларды қолдауға, ауыл тұрғындарын кәсіпке тартуға бағытталған. Аталған бағдарлама ауыл шаруашылығы, өңдеу саласы бағыттарына беріледі. Жеңілдігі жылдық пайыз мөлшері 2,5 %‑дан аспайды. Несие мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы жобалары үшін 7 жылға дейін берілу ықтималдығы бар. Несие сомалары аймаққа, кәсіп бағытына қарай белгіленеді. Жеке кәсіпкерлерге 8 625 000 теңгеге дейін, кооперативтерге 27 600 000 теңгеге дейін беріледі. Жеңілдік кезеңі 1,5–2 жылға дейін болуы мүмкін. Ағымдағы жылы Жамбыл облысында “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 711 жобаға 5,1 млрд теңгеге несие берілген. Оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға — 240 жоба.
Ал Жамбыл ауданындық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың сөзінше:
Жамбыл ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2024 жылы Айшабибі, Қарасу, Тоғызтарау ауылдық округтері бойынша 17 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 16 ауыл тұрғыны 525 мал басын сатып алды. Айшабибі ауылдық округінен – 4 кәсіпкерге 175 мал басын сатып алуға 32 млн. 105 мың. теңге, Қарасу ауылдық округінен 3 кәсіпкерге 28 мал басын алуға 15 млн. 800 мың теңге, Тоғызтарау ауылдық округінен 9 кәсіпкер 58 млн 400 мың теңге несие алып, 322 бас мал алды. Үй іргесінде жеке кәсібін ашу бағыты бойынша 1 жоба іске асырылды. Жобаның 5-ші бағыты «Тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобалары» аясында ауданда 5 ауылдық округтен (Айшабибі, Ақбастау, Аса, Бесағаш, Жамбыл) 24 жеке кәсіпкер 173 млн 500 мың теңге көлемінде несие алды. Ал ағымдағы жылы 7 ауылдық округтен (Айшабибі, Ақбастау, Аса, Ерназар, Жамбыл, Көлқайнар, Қызылқайнар) 37 жоба 258 млн 270 мың теңгеге қаржыландырылды. Жеке-жеке тоқтала кетсем, Айшабибі ауылдық округінен 3 жоба (жылыжай кешені-1, құм блоктар өндірісі-1, фаст –фуд тағамдары-1) 22 млн 600 мың теңгеге, Ақбастау ауылдық округінен 4 жоба (жылыжай кешені-1, глиноблоктар өндірісі-1, дәнді дақылдарды ұсақтау цехы-1, дәнекерлеу цехы-1) 23 млн 800 мың теңгеге, Аса ауылдық округінен 18 жоба (жылыжай кешені-1, дәнекерлеу цехы-1, құм блоктар өндірісі-2, жиһаз цехы-3, пластик есік терезелер жасау-3, тамақтану орталығы-1, сұлулық салоны-1, ТЖО-1, желдету жабдықтары мен түтін құбырларын өндіру-1, массаж орталығы-1, автохимия өндірісі-1, жартылай фабрикаттар дайындау цехы-1) 130 млн 720 мың теңгеге, Бесағаш ауылдық округінен 1 жоба 9 млн 600 мың теңгеге (ағаш ыдыстар жасау), Ерназар ауылдық округінен 2 жоба (құм блоктар өндірісі-2) 10 млн 650 мың теңгеге, Жамбыл ауылдық округінен 4 жоба (жылыжай кешені-1, ыдыс-аяқ жалға беру-1, тігін цехы-1, құмблоктар өндіріс-1) 29 млн 600 мың теңгеге, Көлқайнар ауылдық округінен 4 жоба (құм блоктар өндірісі-1, дәнді дақылдарды ұсақтау цехы-1, ТЖО-1, құрама жем өндіру цехы-1) 29 млн 300 мың теңгеге, Қызылқайнар ауылдық округінен 1 жоба (балық шаруашылығы-1) 9 млн 100 мың теңгеге қаржыландырылды. Сонымен қатар 3 ауылдық округтен 7 жобаның құжаттары «Тараз» ӘКК»-АҚ-на өткізіліп, қаржыландырылуын күтуде. Осындай мемлекеттік қолдау арқылы аталған азамат өз ісін серпілтіп, қымыз өндіру жүйесін кеңейтіп жатыр. “Ауыл аманаты” жобасының жастарға серпін беретінін, ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік жасайтынын, жұмыссыздықты төмендетуде. Бұл бағдарлама ауыл тұрғынына алады да оны өңдеп, өнім шығаруға мүмкіндік береді. Яғни, шикізат өндіруден өткізе отырып, қосымша құн қосуға шақырады, – дейді Бауыржан Тоқтасынұлы.
Өз кезегінде ауыл әкімі Жәнібек Әуелбековті де сөзге тарттық.
Біздің ауылда Жантөренің ісі — мысал болады. Ол қалаға көшіп кетуді ойламай, туған жерін дамытуға ниетті. Ауылда кәсіпкерлікке бет бұрған жас азаматтар аз емес, бірақ олардың алдында қаржы, нарыққа шығу, маркетинг, логистика сияқты қиындықтар бар. «Ауыл аманаты» сияқты бағдарламалар сол тосқауылдарды еңсеруге көмектеседі Біз ауылдық инфрақұрылымды жақсартамыз, су, жол, байланыс жүйелерін жетілдіреміз, сонда кәсіпкерлер ауылдан қалаға тасымалдауға әлдеқайда қолайлы болады. Қазір Төреқымыз қымызы — ауылдың мақтанышы. Егер біз оны дүкен сөрелеріне шығарсақ, ауылдағы халыққа ғана емес, қалалықтар да ауыл өнімін тікелей тұтынады. Бұл — ауыл мен қала арасындағы көпір, - дейді әкім.
Әкімнің айтуынша, ауылда кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау — ауылдың әл-ауқатын көтерудің негізгі жолы.
Айта кету керек, Жантөре бүгінде өзінің ауылдастарына үлгі.
Ауылдасымыздың ісі — қалайша жеке бастамадан бастап, кең нарыққа шығуға болатындығының үлгісі. Қымыз – біздің ұлттық сусынымыз, оны брендке айналдыру — мәдени әрі экономикалық маңызы бар іс. Біздің көзіміз жетті, мақсаттары жеңуде мемлекеттік бағдарламалар, әсіресе «Ауыл аманаты», ауыл кәсіпкерлеріне үлкен демеу береді екен. Қаржыландыру. Бірақ бұл жеткіліксіз, нарыққа шығу жолдарын жеңілдету, логистикалық тізбектерді құру және маркетинг қолдау да қажет деп ойлаймын. Алдағы уақытта Төреқымыз өнімін супермаркеттер, ірі сауда желілері арқылы сата алса, ол тек Жамбылдың ғана емес, бүкіл Қазақстанның қымызы брендіне айналатынан сенімдімін, – дейді ауыл тұрғыны Дархан Қазақбаев.
Жантөренің пікірінше жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан тек қаржы ғана емес, тұрақты бизнес-кеңес беру, тренингтер, маркетинг қолдау керек.
Алдағы 10 жылдықта жылқы басын 500 басқа дейін өсіруді мақсат етудемін. Осы арқылы күніне өндірілетін қымыз санын мыңдаған литрге дейін жеткізуге болады. Сонымен қатар алдағы уақытта өңдеу қуатын кеңейтіп, қазір 100 литр болса, өндірістік цех, автоматтандырылған жабдық арқылы көлемді өсіруді жоспарлап отырмын. Қымызды жаңа форматтарда шығара отырып, отандық дүкен сөрелеріне шығу. “Ауыл аманаты” арқылы алынған несие мен сертификаттар, логистика жүйесі арқылы Алматы, Астана, Қызылорда ғана емес, басқа өңірлерге шығаруды көздеймін. Көк аспаным ауыл, маған қала тосқауыл емес. Егер ауылдан шыққан өнім қалаға жетсе, сол — менің табысым. Мақсатым — халыққа таза, салауатты қымыз жеткізу, - дейді.
Иә, Жантөре бір ғана мысал. Бірақ оның жолы елдегі жас кәсіпкерлерге шабыт береді. Төреқымыз - туған жерге деген махабаттың, жас кәсіпкерлік рухтың, мемлекеттік қолдаудың көрінісі. Ол қалаға кетпей-ақ, ауылда кәсіп бастап, өңдеуді қолға алған және нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
"Ауыл аманаты" бағдарламасының мүмкіндіктері бүгінгі кейіпкерге табыстың кілтін берді. Ең бастысы бұл бастама жалғыз Жантөренің ғана емес, ауылда жүрген басқа да жастардың үлгісі болуға тиіс.