Ауыл әкімдерінің сайлауы: Нені білуіміз керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің 730 әкімін сайлау 25 шілдеге белгіленді, деп хабарлады Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі. 

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес эфирден және баспасөзден орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді тиісті бұқаралық ақпарат құралы сайлау алдындағы үгітті жүргізу басталғанға дейін бес күннен кешіктірмей хабарлап, жариялауға тиіс, - делінген хабарламада.
Бұқаралық ақпарат құралдары эфир мен баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер жарияланғанға дейін кандидаттардың үгіт материалдарын орналастыру, тарату үшін эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бере алмайды. Осы норманы бұзған лауазымды адамдарға  30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, заңды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау бойынша эфир және баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер аумақтық сайлау комиссияларына берілуі тиіс, - деп хабарлады ведомстводағылар. 
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.

Осылайша, сайлау алдындағы үгіт 2021 жылғы 14 шілде жергілікті уақытпен сағат 18:00-ден кейін басталып, 2021 жылғы 24 шілде жергілікті уақытпен сағат 00:00-де аяқталады.

BAQ.KZ сайтында Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің 730 әкімін сайлау үшін ақпараттық қызметтердің құнын осы жерден жүктеп алуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы