Ауыл әкімдеріне жаңа білім стандарты енгізілді
Астанада өтіп жатқан ауыл әкімдерінің диалог-платформасы аясында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов жергілікті көшбасшыларды дайындаудың жаңа стратегиялық бағыттарын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Азамат Жолмановтың айтуынша, бүгінгі талқылау тек ауыл аймақтарын дамыту мәселесімен шектелмейді. Бұл – мемлекетті модернизациялау процесінде жергілікті басқарушылардың рөлін қайта қарау мүмкіндігі.
Мемлекет басшысы жергілікті өзін-өзі басқару моделін сапалы жаңартудың қажеттілігін атап өтті. Сондықтан ауыл әкімдерінің құзыреттілігін дамыту жеке бастама емес, Академияның стратегиялық басымдықтарының бірі және мемлекеттік реформаның маңызды бөлігі, – деді ол.
Азамат Жолмановтың сөзінше, Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен және AMANAT партиясымен бірлесіп, ауыл әкімдерін қайта даярлаудың жаңа жүйелі бағдарламасын әзірлеген.
Бүгінгі ауыл әкімдері тиімді басқарушылық шешімдер қабылдай алатын, аймақты дамытуға жетелейтін көшбасшы болуы тиіс. Сондықтан біз тек нормативтік немесе аналитикалық біліммен шектелмей, адамдармен жұмыс істеу дағдыларына ерекше назар аудардық. Тұрғындармен диалог орнату, серіктестік құру, мәселелерді жүйелі шешу – бағдарламаның негізгі бөлігі, – деді ректор.
Жаңа бағдарлама 240 академиялық сағатқа есептелген және қазіргі ауыл әкімдерінің функционалына сай 17 модульден тұрады. Оларға жергілікті өзін-өзі басқару реформалары, стратегиялық жоспарлау, коммуналдық мүлікті басқару, бюджет және салық саясаты, бизнесті қолдау, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдану, тәуекелдерді басқару, коммуникациялар, этика және кәсіби жауапкершілік сияқты бағыттар кіреді.
Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – оқытуды өңірлік және аудандық деңгейдегі тәжірибелі жетекшілердің жүргізуі. Бұл тыңдаушыларға теорияны нақты тәжірибемен байланыстыруға мүмкіндік берді.