Ауыл әкімдеріне қандай критерий қойылады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің депутаты, ҰҚСК мүшесі Берік Әбдіғалиұлы жаңадан сайланған ауыл әкімдеріне қандай критерийлер қойылатынын түсіндірді.

Биыл алғаш рет елімізде ауыл әкімдерін тұрғындар өздері сайлады. Осы ретте енді әкімдердің жұмысын бағалауда қандай критерийлерді ұстану керек, сонымен ауыл басшысы жұмысының тиімділігін қалай бағалау керегі туралы айтып берді.

Биыл елімізде үлкен науқан өтті. 800-ге жуық ауыл әкімі сайланды. Енді жыл сайын мерзімі біткен ауыл әкімдерінің сайлауы жүре береді. Бұған халық белсенді қатысты және ол күшейе береді. Ең біріншіден, халықтың осы сайлауға қатысуы және үміткерлердің көбеюі маңызды болып тұр. Себебі бұрыннан бері халық «неге біз өз әкімімізді сайламаймыз?» деген сұрақты көп көтеретін. Енді халық өз әкімін сайлап, өзіне жауапкершілік алып жатыр. Бұрын «өздерің әкелген әкім ғой» дейтін. Енді өздері таңдаған әкіммен бірге жұмыс істеп, көмектесулері керек. Сондықтан бұл үлкен саяси шешім, - деді депутат.

Айтуынша, Президент ауыл, аудан, облыс, қала әкімдерін бағалағанда халықтың көңілі 30%-ға толмаса, ол әкімдердің қызметі сай екендерін қарастыру керегін айтып келеді.

Әкімдер халықтың көңілінен шығу үшін жұмыс істеуі керек. Жайылым жерлер, ауылдың тазалығы, су, жол мәселелері ауылдың әкіміне байланысты. Ауыл әкімі қаражаты болмаса да, тұрғындарының мүддесін аудан әкімінің, мәслихаттың алдында қорғай білуі керек. Сондықтан сайланған әр әкім сол ауылдың көшбасшысы, елдің басын біріктіретін тұлға болуы керек. Ауыл әкіміне қойылатын тағы бір критерий – ол инвестиция тарту. Сонымен қатар ол кәсіпкерлерді де тарта білгені дұрыс, - деп түсіндірді Берік Әбдіғалиұлы.

Қай ауылға қанша қаражат келсе, сол әкім белсенді деген сөз. Ол әкімнің жұмысын жақсы бағалауға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы