Бүгiн 2026, 10:00 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Ауыл әкімдері қағазбастылықтан арылады: Жаңа цифрлық жүйе іске қосылды

Қазақстанда ауылдық округ әкімдерінің жұмысын жеңілдетуге бағытталған жаңа цифрлық жоба енгізіліп жатыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырып жатқан «Әкімнің цифрлық жұмыс орны» жүйесі бүгінде еліміздің 17 облысы мен 1894 ауылдық округін қамтып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жобаның басты мақсаты – ауыл әкімдерін артық есеп беру мен қағазбастылықтан арылтып, қажетті ақпаратты бір платформаға шоғырландыру. Бұл әкімдерге уақытын құжат рәсімдеуге емес, тұрғындардың мәселесін шешуге жұмсауға мүмкіндік береді.

Жүйе Отбасының цифрлық картасы негізінде әзірленген. Платформа 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден мәліметтер жинап, оларды бір жерде ұсынады. Соның арқасында әкімдер ауыл тұрғындарының табысы, жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік жағдайы, денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым салалары бойынша өзекті ақпаратқа жедел қол жеткізе алады.

Бұрын түрлі мемлекеттік органдардан деректер жинауға уақыт кетсе, енді барлық ақпарат нақты уақыт режимінде қолжетімді болады. Бұл басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға және ауылдағы өзекті мәселелерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Жаңа жүйе әлеуметтік тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға да көмектеседі. Мәселен, қиын өмірлік жағдайға тап болған немесе мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтарды әкімдер алдын ала көріп, қажетті көмек көрсету шараларын уақытылы ұйымдастыра алады.

Сонымен қатар цифрлық платформа әкімдіктердегі әкімшілік жүктемені азайтады. Аналитикалық есептер автоматты түрде қалыптасып, қолмен дерек жинау қажеттілігі қысқарады. Бұл адами фактордың әсерін төмендетіп, мәліметтердің дәлдігін арттырады.

Мұндай цифрлық шешімдер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, ауыл тұрғындарына көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Алдағы уақытта платформаның мүмкіндіктері одан әрі кеңейтілмек.Жүйеге жер ресурстары, салықтар, субсидиялар, сондай-ақ шаруа және фермерлік қожалықтардың қызметіне қатысты мәліметтер енгізіледі. Бұл ауылдық аумақтардың дамуын жан-жақты бақылауға және өңірлік саясатты тиімді жүргізуге жол ашады,- дейді Ведомство.