Аутизмі бар балаларға арналған 189 күндізгі бөлімше ашылады
Қазақстанда психикалық денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында 81 бастапқы орталық пен аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға арналған 189 күндізгі болу бөлімшесін ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен кеңесте мәлім болды.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа нысандарды ашу психикалық денсаулық бұзылыстарын ерте анықтауға, емдеу мен оңалту қызметтерін дамытуға, сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Психикалық денсаулықты сақтаудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр
Кеңес барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева Халықтың психикалық денсаулығын сақтаудың 2027–2031 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын таныстырды. Құжат 11 бағытты қамтитын 60 іс-шарадан тұрады.
Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық психикалық денсаулық орталығының басшысы Әлия Рүстемова өңірлердегі 20 психикалық денсаулық орталығына жүргізілген мониторинг нәтижелерін баяндады.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова психикалық денсаулық мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Бүгінде психикалық денсаулық мәселелері ерекше маңызға ие. Біздің міндетіміз – пациенттің тұрғылықты жеріне қарамастан, еліміздің барлық өңірінде мамандандырылған көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, – деді министр.
12 өңірде қосымша орталықтар ашылады
Қазіргі уақытта Қазақстанда 20 психикалық денсаулық орталығы, 101 бастапқы орталық және 212 бейінді кабинет жұмыс істейді. Сонымен қатар 12 өңірде қосымша 81 бастапқы орталық ашу қажеттілігі анықталған.
Аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға да ерекше көңіл бөлінбек. Осы мақсатта психикалық денсаулық орталықтары мен аудандық ауруханалар базасында 189 күндізгі болу бөлімшесін ашу көзделген.
Бұл бөлімшелер балаларға тәулік бойы стационарға жатқызбай-ақ, қажетті оңалту қызметтерін алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, балаларды қолдау жүйесін кеңейтуге жағдай жасайды.
Кадр тапшылығын шешу мәселесі де назарда
Кеңесте психикалық денсаулық саласындағы мамандар тапшылығы да талқыланды. Министр кадрлық әлеуетті нығайту, әсіресе балалар мен ересектер психиатриясы бағыттарында мамандармен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Кадр тапшылығы әлі де негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Мамандар даярлауды кеңейту, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың білім беру гранттары есебінен оқыту көлемін арттыру және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын қарастыру қажет, – деді Ақмарал Әлназарова.
Бұдан бөлек, кешенді жоспар жобасында медициналық ұйымдарды жаңғырту, медициналық жабдықтарды жаңарту, амбулаториялық көмекті дамыту және дәрілік заттармен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру қарастырылған.
Жоспардың негізгі мақсаты – психикалық денсаулық бұзылыстарын ерте анықтаудан бастап емдеу, оңалту және әлеуметтік қолдауға дейінгі қызметтердің қолжетімділігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету.