Аутизм және қоғамдағы түсіністік: Ерекше балаларға қолдау маңызды
Соңғы жылдары қоғамда аутизм туралы айтылып, ақпарат көбейгенімен, бұл ерекшелік жайлы түсінік әлі де толық қалыптасып үлгерген жоқ. Кейбір ата-аналар диагнозды қабылдауда қиындық көрсе, енді бірі баланың ерекшелігін уақытша құбылыс деп қабылдап, маман көмегіне кеш жүгінеді. Аутизмі бар балаларға қандай қолдау қажет? Ата-аналар нені ескеруі керек? Осы және өзге де сұрақтарға Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің психолог маманы Айнұр Үсенбаева жауап берді.
Маман аутизмді белгілі бір ауру деп атамайды, оның айтуынша, аутизм – адамның даму ерекшелігі. Яғни мұндай балалар қоршаған ортаны, адамдармен қарым-қатынасты және ақпаратты басқалардан өзгеше қабылдайды.
Аутизм – адамның миының ақпаратты қабылдау және өңдеу ерекшелігі. Мұндай балалар әлемді басқаша сезінеді, көреді және қабылдайды. Кейбірі сөйлеу кезінде қиындықтарға тап болса, енді біреулерінің белгілі бір салада қабілеті жоғары болуы мүмкін. Сондықтан аутизмді ауру ретінде емес, даму ерекшелігі ретінде қарастыру қажет, – дейді психолог.
Қазіргі таңда Жуалы ауданындағы Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға кешенді қолдау көрсетіледі. Мұнда психологтар, логопедтер, дефектологтар және өзге де мамандар баланың қажеттілігіне қарай жұмыс жүргізеді.
Біздің басты мақсатымыз – баланың мүмкіндігін анықтап, баланы ортаға бейімдеу, қарым-қатынасқа бағыттау, оның әлеуетін дамыту. Әрине, бұл жағдайда әр балаға жеке көзқарас қажет. Маман ретінде баланың даму деңгейін бағалап, арнайы түзету-дамыту бағдарламалары арқылы жұмыс істеймін. Сонымен қатар ата-аналармен тұрақты байланыс орнатып отырамын, оларға да ерекше баламен жұмыс істеудің, қарым-қатынастың тиімді жолдарын түсіндіруге тырысамын, – дейді Айнұр Үсенбаева.
Маманның сөзінше, аутист баласы бар ата-аналардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі – уақытты өткізіп алу.
Кейбір ата-аналар баланың сөйлеуі кешігіп жатса немесе мінез-құлқында ерекшеліктер байқалса да, «өсе келе түзеледі» деп күтеді. Алайда, бір нәрсенің дұрыс еместігін көре салып, ерте араласу мен ерте диагностика өте маңызды. Неғұрлым диагноз ерте анықталса, соғұрлым балаға көрсетілетін көмектің тиімділігі артады. Сонымен қатар баланы басқа балалармен салыстыру да дұрыс емес. Әр баланың даму қарқыны әртүрлі болады, – дейді ол.
Психологтың айтуынша, аутизмі бар балалармен жұмыс барысында ең алдымен олардың қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытуға көңіл бөлінеді. Сондай-ақ эмоцияларды түсіну мен білдіру, мінез-құлықты реттеу бағытында арнайы жұмыстар жүргізіледі.
Біз баланы өзгертуге емес, оның мүмкіндіктерін дамытуға тырысамыз. Әр баланың өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан олардың күшті жақтарын анықтап, сол бағытта қолдау көрсету маңызды. Сонымен қатар ата-аналарға да психологиялық кеңес беріп, баламен дұрыс қарым-қатынас орнатуға көмектесеміз, – дейді маман.
Қоғамда аутизмі бар балалардың болашағына күмәнмен қарайтындар кездеседі. Алайда маман мұндай балалардың да қоғамға бейімделе алатынын, өмір сүріп кете алатынын айтады.
Дұрыс қолдау көрсетілсе, аутизмі бар балалар мектепте білім алып, өз қатарластарымен де араласып, қоғамда өз орнын таба алады. Кейбір балалардың есте сақтау қабілеті жоғары болады, кейбірі өнерге немесе нақты ғылымға бейім келеді. Сондықтан олардың мүмкіндігіне сеніп, қолдау және жетелеу қажет, – дейді ол.
Бүгінде қоғамда аутизмге қатысты түрлі қате түсініктер сақталып қалған. Соның салдарынан ерекше балалар мен олардың ата-аналары кейде түсінбеушілікке, көпшілік ортада келеңсіз оқиғаларға тап болып қалып жатыр.
Көпшілік аутизмді ауру деп қабылдайды немесе мұндай балалардан бойын аулақ салып қорқуы мүмкін. Бұл – жаңсақ пікір. Аутизмі бар балаларға ең алдымен түсіністік пен қолдау, мейірім қажет. Қоғам олардың қалай бар, сол ерекшелігін қабылдаса, өмірлері әлдеқайда жеңіл болар еді, – дейді психолог.
Сұхбат соңында Айнұр Үсенбаева ата-аналарға сабыр сақтап, мамандардың көмегіне дер кезінде жүгінуге кеңес берді.
Ең бастысы – баланы қабылдау. Ерекше бала да бақытты өмір сүре алады. Ол үшін отбасының қолдауы, мамандардың көмегі және қоғамның түсіністігі қажет. Біз "Неге бұлай?" деген сұрақтан гөрі, "Қалай көмектесе аламыз?" деген көзқарасты қалыптастыруымыз керек, – деп түйіндеді маман.
Бүгінде аутизм туралы ақпараттың артуы қоғамдағы түсіністіктің қалыптасуына ықпал етіп келеді. Дегенмен ерекше балалардың өмір сапасын жақсарту үшін тек мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның қолдауы қажет. Өйткені қабылдау мен түсіністік – кез келген балаға берілетін ең үлкен көмек.