"Аутист балаларды өлтіру керек": Аймағамбетов өрескел пікір айтқан блогерге қатысты ұстанымын айтты
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде "аутист балаларды өлтіру керек" деген өрескел пікір айтқан блогерге қатысты өз ұстанымын білдіріп, бұл жағдайға қоғам мен заңның қатаң реакциясы болуы қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұндай пікірлерді мүлде қолдамаймын. Бұл – сұмдық жағдай. Мұндай балаларды біз тек қорғауымыз керек. Олар – ерекше қолдауды қажет ететін жандар. Олар да – Қазақстан азаматтары, және тіпті олар бізден көбірек қамқорлық күтеді, – деді депутат.
Аймағамбетовтың айтуынша, мұндай жағдайлар қоғамда мүлде болмауы тиіс, ал заңда мұндай әрекеттерге қатысты нақты жауапкершілік қарастырылған.
Егер осындай жағдайлар болса, заң аясында тиісті жауапкершілік қарастырылған. Бұл – өте маңызды. Мұндай сөздер, мүмкін, бір-екі адамның арандатушылық әрекеті шығар, бірақ біз оларға жол бермеуіміз керек, – деді ол.
Депутат мәселе тек заңда емес, жалпы қоғамдық мәдениет пен заңды орындау деңгейінде екенін атап өтті.
Мәселе тек заңның бар-жоғында емес, оны дұрыс орындауда. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Біз заңның толық орындалуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Аймағамбетов.
Сөз соңында депутат осындай өрескел әрекеттерге жол берген азаматтар заң алдында жауап беруі тиіс екенін баса айтты.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде ерекше балаларға қатысты "Аутист балаларды өлтіру керек" деп даулы пікір айтқаны үшін Алматыда блогерге қылмыстық іс қозғалды.