Australian Open: Рыбакина сенсация жасап, жартылай финалға шықты

Қазақстандық теннисші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Australian Open турнирінде сенсация жасап, жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Australian Open жарысының ширек финалында WTA рейтингінде 5-орында тұрған қазақстандық спортшы әлемнің екінші ракеткасы, Польшаның өкілі Ига Швёнтекті сенімді түрде жеңді. Кездесуді екі сетте аяқтады, есеп – 7:5, 6:1.

Матч тартысты басталды еді. Алғашқы сетте қарсыластар ұзақ уақыт тең деңгейде ойнады, алайда шешуші сәтте Рыбакина ойынын күшейтіп, сет тағдырын өз пайдасына шешті.

Екінші партияда қазақстандық теннисшінің басымдығы айқын байқалды: қуатты соққылар, артқы сызықтағы сенімді ойын және қателіктердің аз болуы Швёнтекке қарымта шабуыл жасауға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде Рыбакина сенімді жеңіске жетіп, Мельбурндегі «мэйджор» санатындағы турнирдің жартылай финалына шықты.

Финал жолдамасы үшін Елена Рыбакина америкалық теннисшілердің бірі – Джессика Пегула немесе Аманда Анисимовамен кездеседі.

Айта кетейік, турнир барысында Рыбакина тұрақты әрі сенімді ойын өрнегін көрсетіп келеді. Бұған дейін ол словениялық Кайя Юванды (6:4, 6:3), франциялық Варвара Грачёваны (7:5, 6:2), чехиялық Тереза Валентованы (6:2, 6:3) және бельгиялық Элизе Мертенсті (6:1, 6:3) жеңіп, бірде-бір сет ұтылған жоқ.

Australian Open 2026 турнирі 18 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтіп жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 74,9 млн доллар. Турнир жеңімпазы 2 793 365 доллар көлемінде сыйақы мен 2000 рейтинг ұпайын иеленеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы