Ауруханадағы дəрігерлерге домбыра сыйлаған шебер

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Домбыра, қобыз, жетіген жасайтын Мұталхан Байырбеков отбасылық кəсіп түрін дамытып отырған шебер-кəсіпкер.

Былтыр "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 3 млн теңге қайтарымсыз грант жəне "Еңбек" бағдарламасы аясында "Атамекен" ұлттық кəсіпкерлер палатасынан 505 мың теңге грант жеңіп алып, ұлттық музыка аспаптарын жасау ісін жолға қойған жас кəсіпкер. Төтенше жағдай кезінде өзі жасаған бірнеше домбырасын індетпен күні-түні алысып жүрген дəрігерлерге сыйлаған қайырымды кəсіпкер. Медициналық бетперде тігіп, таратқаны тағы бар.

"Мемлекеттің қаржылай қолдауымен кəсіп ашып, талмай еңбектеніп, табысқа шықтық" деген Мұталханмен əңгімелесіп, домбыра жасауға не қажет, кəсіп ашуды неден бастау керек екенін, жалпы музыка аспаптарын жасау ісіне қалай келгенін білдік.

Домбыра жасауды ағамнан үйрендім

Мұталхан Байырбековтың домбыра жасай бастағанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Соған дейін домбыра жасамаса да, ағасының ағаш жонып, домбыраға айналдырғанын көріп өскен.

- Домбыра жасаумен 2 жылдан бері айналыса бастадым, өйткені, бұл – сұранысқа ие кəсіп түрі. Кішкентайымнан ағамның домбыра жасауын көріп өстім. Ағамның жанында жүрдім. Қазір үйреніп, өзім де домбыра жасайтын болдым. Əуелде дұрыс жасай алмай, үйреніп кеткенше қиындық болды. Не дегенмен күрделі де қиын өнер. Сəл мүлт кетуге болмайды. Бірақ уақыт өте келе қолым жаттығып, үйреніп кеттім. Қазағымызда "Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деген сөз бар. Домбыра – қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі. Ұлттық аспабымыз. "Рухани жаңғыруға қосқан үлесіміз болсын, əрбір жас бала осы ұлттық аспабымызбен ойнасын" деген ниетпен бастадық. Əрине табыс жағын да ойладық. Қай-қай жағынан да тиімді əрі қолдан келетін іс болған соң осы кəсіпке тоқтадық,- дейді Мұталхан Байырбеков.

Мемлекеттен 3 млн теңге жəне 505 мың теңге грант алдық

Қай-қай істі кəсіпке айналдыру үшін бастапқы қаражат, алғашқы инвестиция қажет. Мұталхан домбыра жасау ісіне өндірістік сипат беріп, тапсырыс қабылдап, басқаларды жұмыспен қамтып, табысқа шығу үшін ең алдымен қажет құрал-жабдықтар сатып алыпты.

- Шымкент қаласында кəсіпкерлік жəне индустриалды-инновациялық даму басқармасы бар. Былтыр қараша айында сол басқармадан "Бизнестің жол картасы –2020" бағдарламасы шеңберінде 3 миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп алдық. Бұл грант үшін индустриалды-инновациялық жобаларды инкубация жасау бойынша берілді. Грант қаржысына домбыра жасауға қажет құрал-жабдықтар алдық. Бұған қоса "Атамекен" Ұлттық кəсіпкерлер палатасының Шымкент қалалық филиалынан 505 мвың теңге грант жеңіп алдық. Бұл грант "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын "Жас кəсіпкер", "Бастау Бизнес" жобалары шеңберінде беріледі. 505 мың теңгеге домбыра жасау үшін аса қажет аралар сатып алдық. Жалпы домбыра жасау аса ыждағаттылықты қажет ететін іс. Өте көп ұсақ-түйек жабдық қажет. Мемлекеттен алған грант қаржысына сол қажет заттадың барлығын алып, құрал-сайманымызды сайлап алған соң жұмысты бастап кеттік. Мемлекеттен алған грант қаржысын игеру, сол қаржы есебінен бастаған кəсібіміздің дамуы бойынша бекітілген ережеге сəйкес əр 6 ай сайын есеп береміз. Кəсібіміздің дөңгелеп жүріп тұрғаны жайлы ақпарат өткіземіз. Басқарма мен палата мамандары шеберханамызға келіп, жұмыс барысын көріп, танысып кетеді, - дейді шебер-кəсіпкер.

Домбыраның бағасы ағашына қарай белгіленеді

Мұталханның сөзінше, домбыра жасау адам бойынан қандай да бір талантты қажет етпейді. Алайда қолының ебі, икемі болуы керек. Қазір шеберханада ағасын қосқанда барлығы 4 адам бірге жұмыс істейді екен. Айына 50-ге жуық тапсырыс түседі. Ал домбыра бағасы ағашына қарай əрқалай болады.

- Əрбір адам осы аспаптың жасалу жолын үйренуге бір жыл уақыт бөліп, кəнігі шеберден сабақ алса, қолынан келеді. Бір домбыраны жасауға негізі бір күн уақыт кетеді. Егер қымбат домбыра болса, сол домбыраны жасау бір аптаға дейін созылады. Ең тиімді бағадағы домбыралар жаңғақ ағашынан жасалады. Жаңғақ ағашынан жасау басқа ағаштармен салыстырғанда оңайырақ болады. Біз жасайтын домбыралардың құны 20-25 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге дейін жетеді. Кейде тапсырысқа сай одан да қымбат бағаланатын домбыралар бар. "Кейбір домбыралар неліктен қымбат" десеңіз, мұндағы бар мəселе – ағашында жатыр. Қымбат домбыралар қатты ағаштан жасалады. Қызыл ағаш жəне венге деген ағаштар бар. Венге ағашы тропикалық аймақта өседі. Өте қатты болады. Аса берік, өте қатты ағашты қалыпқа салып, икемге келтірем дегенше 1 апта уақыт кетеді. Көп уақыт пен еңбекті талап ететін болған соң сəйкесінше бағасы да қымбат жүреді. Мəселен, венге ағашынан жасалған домбыралардың бағасы 200 мың теңгеге жетеді. Біз қажет ағашты қаладағы ағаш сатумен айналысатын кəсіпкерлерден сатып аламыз. Ағашқа қарай домбыраның үні де өзгеше болады. Мысалы құрғақ əрі тығыздығы жақсы ағаш болса, онда домбыраның дауысы күмбірлеп, қоңыр дауыс шығады. Бұдан бөлек, ара-тұра болса да домбырадан басқа аспаптарға тапсырыс түседі. Мысалы қобыз, барабан, жетіген сынды музыкалық аспаптарды да жасаймыз, - дейді Мұталхан.

Қазір өнер адамдарына бөлек, мектеп оқушылары домбыраға көп қызығады

Оның айтуынша, адамдар негізінен домбыраны көбінесе өздерінің дауыс ырғанына сай келетіндей етіп таңдап алады екен. Сонымен қатар, қазір мектеп жасындағы балалар домбыраға құмар. Баласына домбыра жасатуға тапсырыс беретін ата-ана да көп.

- Домбыра таңдағанда келіп тартып көріп, өз дауысына домбыраның дауысы да тура келіп жатса ойланбастан алып кетеді. Дауысқа қарай көбінесе асабалар таңдайды. Бізге асабалардан да көп тапсырыс түсіп тұрады. Əншілерден де тапсырыс беретіндер көп, əншілердің ішінде де дəстүрлі əншілерден тапсырыс қабылдаймыз. Өз өңірімізден бөлек, Алматы, Тараз, Қызылорда қалаларынан жиі тапсырыс түседі. Тапсырыс беруші домбыраға салынатын ою-өрнектерін де өз қалауынша жасатады. Арасында түрлі аң құстардың бейнесін салғызатындар да бар. Оның бəрі алушының еркіндегі жағдай. Бұрын тек өнер адамдарының арасында ғана сұраныста болса, қазір мектеп жасындағы балалар арасында домбыраға сұраныс өте жоғары. Ата-ана баласының уақытты тиімді пайдаланғанын қалап, домбыраға қызығушылығы бар баласына міндетті түрде домбыра жасатады. Бізде мұндай сұраныс көп бізде. Басты сатып алушыларымыз да осы мектеп жасындағы балалар, - дейді шебер.

Бетперде тігіп, тегін таратқан

Кəсіпкер домбыра жасау ісінен бөлек тігін ісіне де ден қоя бастапты. Жағдайға бейімделіп, елдегі төтенше жағдайға байланысты бетперде тігу ісін де бастаған.

- 3 млн теңге грант қаржысына тігін машиналарын да сатып алған едік. Домбыра жасаудан бөлек, соған қажет басқа заттарын шығарумен айналысып, тігін ісін бастауды да жоспарлаған едік. Бұл тігін машиналарын алудағы басты себебіміз – домбыраның қабын тіксек жəне басқа да заттарды тігумен айналыссақ деген ой еді. Тігінге қажетті заттарды да қамтамасыз еттік. Іске қоссақ, деп отырғанымызда Төтенше жағдайға байланысты тоқтаттық. Енді бір жағынан домбыра қабына қажет шикізат Қытайдан жеткізіледі. Ол да əзірге тоқтады. Нəсіп етіп, карантин аяқталса, міндетті түрде сол жоспарымызды жүзеге асырамыз. Тігін машинасын алып қойған соң қарап отырмай Төтенше жағдай кезінде бетперде тіктік. Біразын тегін тараттық. Арасында тапсырыс түскенде қолжетімді бағада тігіп бердік, - дейді ол.

Үш дəрігерге үш домбыра сыйлады

Тек домбыра жасап қана қоймай, қайырымдылық та жасай білетін Мұталхан кəсіпкердің бетпердені тегін таратудан бөлек таяуда дəрігерлерге сый жасады. Дəлірегі, Шымкент қаласындағы Жұқпалы аурулар ауруханасының үш дəрігеріне əрқайсысының құны 50 мың теңгелік үш домбыра сыйлады. Мұның мəн-жайын өзінен сұрап алдық.

- Біз осы Төтенше жағдай кезінде жатпай-тұрмай коронавирус жұқтырған азаматтарды емдеп, солар үшін отбасына бара алмай жүрген егде жастағы дəрігерлердің бəрін болмаса да қолымыздан келгенше бірнешеуін қуантсақ деген едік. Мына індет егде жастағы адамдарға жұғу ықтималдығы жоғары деп жатыр ғой. Соған қарамастан балаларын қалдырып, немерелерін сағынса да ауруханада түнеп, халыққа қызмет етіп жатқан дəрігерлерге алғыс ретінде 50 мың теңгелік 3 домбыраны сыйладық. Өзіміздің жұқпалы аурулар ауруханасының жасы 50-ден асқан 3 медицина қызметкеріне бердік. Мүмкін кешке сəл бос уақыт шықса, домбыра тарта алатын адам болса, əріптестерінің көңілін көтеріп, əу десе де ол адамдарға пайдасы тиер деген ниетпен сыйға тарттық. Домбыра үйренгісі келетін немерелері болса, соларға берсін деген де ниетіміз болды, - дейді қайырымды кəсіпкер.

Кəсіп бастауға əлі де мүмкіндік бар

Мұталхан Байырбеков кəсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға қатысу керек екенін айтады.

- Қазір қолыңыздан бір іс келетін болса, оны кəсіпке айналдыруға мүмкіндік бар. Сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білген адам міндетті түрде кəсібін аша алады. Шымкент қаласындағы Атамекен кəсіпкерлік палатасына да арнайы алғыс білдіремін. Қаншама арман-қиялын жүзеге асыра алмай жүрген жастар осы кəсіпкерлік палата арқылы жеке кəсібін дөңгелетіп отыр. Сондықтан алғыстан басқа айтарым жоқ. Өзіміз сияқты жастарға, əлі күнге жеке кəсібін ашқысы келіп жүрген адамдарға əлі де болсын мүмкіндік бар екенін айтамын. Ең бастысы – бойыңызда өзіңізге деген сенім болса болғаны. Еліміз аман жұртымыз тыныш болып, қиын жағдайда өзара түсінісіп, сабыр сақтап, бəріміз бірге еңсерсек екен деген тілегімді білдіргім келеді,-дейді Мұталхан Байырбеков.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы