Ауруханаға түсіп жатқандардың 90 пайызында пневмония – дәрігер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин онлайн брифинг барысында айтты.

Аурухананың бас дәрігері пандемия басталғалы бұл аурухана балалармен қатар ересектерді де қабылдап жатқанын айтты.
Алдымен науқастардың жағдайын анықтау үшін рентген немесе компьютерлік томографиядан өткіземіз. Сол жерде науқаста пневмония бар-жоғын анықтаймыз. Бізге ауруы күрделі науқастар келіп түседі, 90 пайызында пневмония болады. Пневмонияны емдеудің алғашқы жолы оттегін беру. Керек жағдайда антибиотикалық дәрілерді енгіземіз, - дейді дәрігер. 

Ержан Сералин науқастардың көбі алдымен үй жағдайында емделіп, ауруларын асқындырып алып жатқанын жеткізді.
Науқастардың көбі ауруханаға түсердің алдында үйде әртүрлі ем қабылдайды. Оның қатарында антибиотиктер, гармондық препараттар бар. Сондай-ақ антикоагулятты дәрілерді қолданып, асқынумен түсіп жатыр. Тұрғындарға ондай ауыр дәрілерді үйде қабылдауға болмайтынын айтамын. Оны стационарлы түрде, анализдерді ала отырып дәрігерлердің қарауында ғана қолдану қажет, - дейді ол.

Сонымен қатар, ол созылмалы ауруы бар науқастар көп уақыттан бері дұрыс емделмегендіктен коронавирус кезінде аурулары қозып жатқанын айтты. 
Жүрек, бронхы, өкпе және басқа да созылмалы ауруы барлар ауруын ұзақ уақыт дұрыс емдемейді. Көп адамдар емханаға уақытында бармайды, бір дәріні 10-15 жыл бойы дозасын өзгертпей іше береді. Яғни дәрінің тиімділігі бар-жоғына қарамай және еш қадағалаусыз іше бергеннен осындай індет кезінде ахуал туындайды. Тұрғындар поликлиникаға уақытында барып қаралып жүрсе ол бізге де үлкен көмек болар еді, - дейді дәрігер. 

Сөз арасында ол ауруханада дәрі тапшылығы мәселесі жоқ екенін айтты.
Қазір ауруханаларда дәрі жетіспейді, жоқ деген сөздер айтылып жатыр. Дәл қазіргі уақытта бізде ондай мәселе жоқ. Әкімдіктің арқасында керекті дәрілердің барлығымен қамтамасыз етілген, - дейді Е. Сералин.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы