Ауруханаға түскен кеншілердің қандай ем алып жатқаны айтылды

Зардап шеккен кеншілер барлық қажетті медициналық көмекті алып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Костенко атындағы Қарағанды шахтасында жазатайым оқиға салдарынан зардап шеккендер Х. Ж. Мақажанов атындағы облыстық клиникаға және басқа да медициналық мекемелерге жедел жеткізілді. Дайындалған дәрігерлер бригадалары жағдайларының ауырлығына қарай келіп түскен кеншілерді уақытылы емдеуді бастады.

Қарағанды, Абай және Шахтинск стационарларының қабылдау-диагностикалық бөлімшелеріне барлығы 28 адам жеткізілді. Оның ішінде зардап шеккен 24 кенші ауруханаға жатқызылды, - делінген баспасөз хабарламасында.

Ақпаратқа сәйкес, 20 кенші жеңіл және орташа ауырлықтағы улы газдан улану диагнозымен Х. Ж. Мақажанов атындағы ШЖҚ КМК токсикология бөлімшесіне емдеуге жатқызылды. Науқастардың жағдайы тұрақты, детоксикация және симптоматикалық емдеу жүргізіліп жатыр.

Бір пациент бірнеше жарақатымен «Профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана» ШЖҚ КМК реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде емделіп жатыр.

Зардап шеккен тағы бір кенші «Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана» ШЖҚ КМК жатқызылды, жағдайы орташа. Жағдайының төмендеуі байқалмайды. Екі кенші «Шахтинск қаласының орталық ауруханасы» КМК терапия бөлімшесіне улы газдардан улану диагнозымен жатқызылды, жағдайы орташа ауырлық дәрежесіне жақын, - деді Денсаулық сақтау басқармасы.

Зардап шеккендердің кейбірі қабылдау-диагностикалық бөлімшелер деңгейінде тексеріліп, амбулаториялық емдеуге жіберілді. Барлық пациентке қажетті диагностикалық тексерулер мен манипуляциялар жүргізілді: зертханалық зерттеулер, компьютерлік томография, ультрадыбыстық, рентгенография.

Медициналық көмек көрсету үшін барлық бейінді қызметтер (нейрохирургтер, травматологтар, хирургтар, терапевттер, токсикологтар, реаниматологтар, психологтар, функционалды диагностика мамандары) тартылды.

Травматология және ортопедия ғылыми орталығының, нейрохирургия ғылыми орталығының республикалық мамандарымен кеңес өткізілді, қажетті облыстық мамандар жұмылдырылды.

Барлық пациенттер медициналық көмекті толық көлемде алып жатыр.

Айта кетейік, Қарағанды ​​облысындағы Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Алдын ала болжам бойынша, лавада газ метан жарылған.

Тоқаев Үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Сондай-ақ Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады.

Костенко шахтасындағы апаттың себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, "АрселорМиттал" АҚ мемлекет меншігіне өтетіні белгілі болды.  

Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлер тобы зардап шеккен кеншілерге медициналық көмек көрсету үшін Қарағандыға жіберілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев та апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орын алған жерге барды.

Бүгін елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Сағат 10:00-дегі ақпарат бойынша, Костенко атындағы шахтадағы өрт салдарынан 36 кеншінің мерт болғаны анықталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы
Өзгелердің жаңалығы