Ауруханаға түсіп жатқандардың басым көпшілігі ересек азаматтар
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, қалада коронавирустың таралуы өршіп тұр, ол азаматтардың селқостығынан болып отырған көрінеді.
Бұған дейінгі шектеу, қауіпсіздік шаралары ұмытылып барады. Бұл кемшілік ешкімді кешірмейді, ол отбасының әр мүшесіне қатысты. Қазір ауруханаға түсіп жатқандардың басым көпшілігі ересек аздамдар, яғни ата-аналарымыз бен ата, әжелеріміз. Егде жастағы адамдар қатерлі топта тұр. Сараптама жұмыстары көрсеткендей аруды негізінен жастар таратушы болып отыр. Олардың жас деңгейі 15-35 аралығында,-дейді ол.
Сонымен қатар ол вирус негізінен адамдар көп жиналатын жерден тарап жатқанын жеткізді.
Ол мейрамханалар, түнгі клуб, барлармен қатар адам көп шоғырланатын орындар. Қанша ескерту жасалса да бұл мекемелер жұмысын түнгі сағат 1-2 дейін, тіптен таңға дейін жалғастырып жатыр. Көп жағдайда тығылып жұмыс істеуде. Оның арты еш жақсылық әкелмейтінін түсінуіміз керек,-деді аудан әкімі.
Медеу ауданында жыл басынан бері Полиция басқармасынан аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына 105 шұғыл хабарлама келіп түскен. Оның ішінде 100 адам заңды тұлға болса, 5-уі жеке тұлға екен.
92 адамға әкімшілік шара қолданылды. 16 іс бойынша құжаттар сотқа жіберілді. 8-і бойынша шара қабылданды, яғни 15 күннен 1 айға дейін жұмысын тоқтатты. Сонымен қатар бір апта ішінде 2 Бинго-клуб пен 1 бильярд клубының жұмысы тоқтатылды. Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша бұл мекемелердің жұмысына рұқсат берілмеген,-дейді Масабаев.