Аурухана қызметкеріне жасалған шабуыл: Қостанайда тағы бір оқиға тіркелді
Қостанай облыстық ауруханасында келуші мен қабылдау бөлімшесі қызметкерінің арасында жанжал туындап, медициналық қызметкерге күш қолдану фактісі тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ Alau.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға 7 тамыз күні шамамен сағат 12:30-да қабылдау бөлімінде болған. Алдын ала ақпарат бойынша, келуші мен тіркеуші арасында ауызша жанжал шығып, оның барысында азамат медициналық қызметкерге физикалық әсер еткен.
Оқиға туралы ақпарат бірден құқық қорғау органдарына жолданды. Қазіргі уақытта тиісті тексеру шаралары жүргізіліп жатыр, - делінген басқарманың хабарламасында.
Сонымен қатар, мекеме басшылығы қызметтік тергеу басталғанын растады. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, өткен айда Қостанайда уролог, хирург Антон Кистанов пациенттің шабуылынан зардап шеккен болатын.
Осы оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға заңды қатаңдатуды тапсырды.