Әулиеатаның ауыл шаруашылығына бөлінген 31 млрд теңгеден астам қаржы қалай игеріліп жатыр?
Биыл Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласына 31,2 млрд теңге қаражат қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Ал бұл сома қалай игеріліп жатыр?
Сауалға қатысты сала басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов баяндап берген болатын. Бүгінде бұл ақшаның 11 млрд теңгесі аймақтағы 6 714 кәсіпкерге субсидия түрінде үлестіріліп үлгерген.
Биыл аймақта 756,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары себіліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,3 мың гектар шамасына артқаны байқалды. Сондықтан да егістік алқабын бағасы арзан минералды тыңайтқышпен қамту бағдарламасын жасап, оған бюджеттен 3 млрд 21 млн теңге қаражат қарастырдық. Қазіргі кезде бұл соманың 691 миллион теңгесін игеріп, сатып аламыз деп жоспарлаған 52,4 мың тонна тыңайтқыш өнімінің 32,1 мың тоннасын алып, сеуіп қойдық. Бұл 214,2 мың гектар егістікке жетті. Межеленген жоспарды 61 %-дан асыра орындадық, - деп атап өтті Ербол Жұмабекұлы.
Ол тұқым шаруашылығын дамытуды қолдауға бағытталған бағдарлама негізінде 857 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінгенін жеткізді. Оның 92 млн теңгеге жуығы тиісті мақсатқа салынып, 106 кәсіпкерге субсидия есебінде таратылды. Ал саны жағынан зиян тигізудің экономикалық шегінен асып кеткен аса қауіпті жәндіктерге, карантиндік аймақтарға қарсы өңдеу шараларын жасауға арналған дәрі-дәрмекті қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде 153 млн теңге қаралған екен. Қазірге дейін 82 шаруашылық 70,4 млн теңгеге 23,4 мың л/кг өсiмдiктер дүниесін қорғау препараттарын сатып алған. Нәтижесінде 39 мың гектардан аса жер өңделді.
Әлеуметтік маңызы басым дақылдарды өндiру шараларын субсидиялау бағдарламасы аясында биылдыққа себілген қант қызылшасының өніміне 2,1 млрд теңге қаражат жоспарланған болатын. Субсидияның ақшасы қант қызылшасын жинау науқаны саналатын алдағы қазан-желтоқсан айларында игеріледі.
Мал шаруашылығы жайына тоқталсам, мұнда да нақты шаралар атқарылып жатыр. Мәселен, асыл тұқымды төрт түліктің шаруасын ілгерілету, саланың өнімділігін және сапасын арттыру бағдарламасымен бюджеттен бөлінген 11,8 млрд теңгенің 4,7 миллиард теңгесі тиісті мақсатқа жұмсалды. Яғни, 2 652 шаруашылыққа субсидия берілді. Бүгінде Әулиеата аймағындағы аша тұяқтының саны 541,8 мың басты құрады. Бұл сиырлардың 1,5 %-ға көбейгендігін көрсетеді. Сол сияқты, қой мен ешкіні 5,8 %-ға көбейттік. Аймақта уақ малдың саны 4 млн басқа жақындады. Жылқы саны 9,4 %-ға өсіп, 180,6 мың басқа жетті, құс саны 23,8%-ға артты десек, нақты саны 2,1 млн-нан асады, - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Ербол Жиенқұлов ет өндірісінің 1,3 %-ға, яғни 59,6 мың тоннаға артқанын мәлімдеді. Сүт өндірісінде де өсім бар, ақтың өнімі 1,4 %-ға – 159 мың тоннаға көбейген. Жыл басынан бері 490 тонна ет алыс-жақын шет мемлекеттерге экспортталса, оның ішінде 30 тонна сиыр еті, 300 тонна қой еті, 80 тонна құс еті бар.
Спикер инвестицияға бағытталған салымдар барысында агроөнеркәсіп кешені нысандары шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша қаржыландыру бағдарламасы бойынша республика қазынасынан 6,6 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Бүгінде оның 3,5 миллиард теңгесі саладағы 410 кәсіпкерге субсидия ретінде төленді. Нәтижесінде агронарыққа түскен инвестициялық қаржы көлемі 14,1 млрд теңге.