Әулиеатаның әкімі ата-аналарға еркелетуді бұйырды. Ал жұртшылықтың пікірі қандай?

Жамбыл облысының әкімі өңірдегі білім басқармасы мен салалық бөлімдерге «Еркелету сағатын» енгізу туралы бұйрық берді, деп хабарлайды Жамбыл облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Оны өңірдегі білім басқармасы басшылығы бұлжытпай орындау үшін барын салып жатыр. 

«Аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдерінің және басқармаға қарасты мекемелердің басшыларына! Өте шұғыл!

Облыстық білім басқармасы Жамбыл облысы әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, әр оқушының күнделікті жай-күйін бақылауға байланысты ақпараттық хаттың (21.09.2022 жылдың №02-2515 хаты) жолданғанын мәлімдей отырып, сонымен бірге әр отбасында ата-ана немесе балалардың заңды өкілдерінің кешкі сағат 20.00-21.00 аралығында «Еркелету сағатын» міндетті түрде өткізуін бақылауға алу қажет екендігін хабарлайды.

Себебі, 13 қазаннан бастап облыс әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша күнделікті таңертең төмендегі кесте бойынша, облыс әкімдігіне ақпаратты жинап беру керек.

Ескерту: Еркелету сағаты» бойынша сынып жетекшісі ата-аналар чаттары арқылы мәліметті жинап, мектеп психологына (немесе әлеуметтік педагогқа)беру керек. Олар өз кезегінде мектеп басшысына, мектеп басшысы білім бөлімдеріне, ал білім бөлімдері білім басқармасына жолдауы қажет, - деп жазылған бұйрық-құжатқа басқарма басшысының орынбасары Айдын Досыбаева қол қойған.

Редакция тілшісі басқарма басшысының орынбасарына осы тапсырмаға байланысты түсінік беруін сұрады. Айдын Досыбаева ұсынған жауап-хатта былай жазылған: 

«Қазіргі таңда білім саласындағы тәрбие жұмысы тәрбиенің тұжырымдамалық негіздеріне сәйкес  құрылған бағыттар  бойынша жүзеге асырылуда.  Осыған байланысты кәмелетке толмағандар арасында түрлі келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін ата-аналармен байланыс орнатып, отбасылық тәрбиенің маңызды екендігін ескеру мақсатында ата-аналарының еркелету сағаттарын өткізу жөнінде хат жолданған болатын. Мұндағы мақсат ата-аналардың күнделікті бір мезгіл балаларына деген ерекше мейірімін «Мен сені жақсы көремін!», «Мен сенімен мақтанамын!» т.б. деген еркелету, құшағына басу сияқты сөздер арқылы отбасындағы қарым-қатынас жайлылығын қалыптастыру. «Мен сені жақсы көремін» деген еркелету тіркесі балаларға қажетті батылдық, сенімділік пен қолдау көрсетеді.  Бұл сөз баланы шынымен қуантады. Ата-ана балаларына жақсы көретіндігін, жылы сөздерін іс-әрекеттері арқылы көрсеткен кезде,  балалардың отбасына және басқаларға деген сүйіспеншілік сезімі оянады. Еркелету сөздері қорқынышты жояды, балаларға өмір бойы қолдау көрсететін сенімділік пен қауіпсіздік сезімін береді. Сонымен қатар, білім басқармасы тарапынан педагогтарды жұмыстан тыс уақытта жұмысқа тарту туралы тапсырма берілмегендігін және артық жұмыс міндеттелмейтінін хабарлаймыз»- делінген.

Алайда, әкімнің тапсырмасы аясындағы «Еркелету сағатына» қатысты өңір тұрғындары түрлі пікірлерін білдіріп, қызу талқылап жатыр.

Жамбыл облыс әкімінің мына хаты бойынша бізге, сынып жетекшілерге, ата-аналарға күнде кешке телефон соғып, “Еркелету сағатын” өткізді ма, жоқ па, біліп отырыңдар деп тапсырма берілді. Онысымен қоса, “еркелету сәтінен” фото, видео күн сайын жіберіп отырсын деп жатыр. Айтыңыздаршы, осы қаншалықты дұрыс? Өз ойым, бұл адамның жеке өміріне араласу, мәдениетсіздік, ақылға симайтын нәрсе. Кешкі сағат 20.00-21.00 - мұғалімнің жұмыс уақыты емес! Және ата-аналар да бізге балаларын еркелетіп жатқаны туралы есеп беріп отыруға міндетті емес, - деп жазды аймақтағы педагог Бақыт Кеңесбаева.

Ал Тараз қаласының тұрғыны, желі белсендісі Мөлдір Анарбаева бала-шағаны еркелетуді де ескертетін заман туғанын айтады. 

«Естімеген елде көп» деген, күніге кешке таман 20.00-21.00 аралығында бала-шағамен сүйісіп, құшақтасатын болдық. Мұғалімдер біздің сүйіспеншілікке толы суреттерімізге шомылып жатыр. Облыс әкімінің тапсырмасы сондай екен. Мұғалімдер біздің суреттерімізден фотоколлаж жасап, жоғарыға есеп береді. Бұның не сән екенін түсінбедім. Отбасылық зорлық-зомдылықтан құтқарамыз деген түрі ма?Балаларымызды былай да еркелетеміз ғой. Әйтпесе, не үшін жүрміз жер басып. Мұғалімдер ше? Соларға қиын болды. Үйіне сүрініп, сүрлігіп жеткенде, сағат 20.00-21.00 арасында тағы телефонға телміріп, қай оқушысының әке-шешесімен сүйіскен-сүйіспегенін бақылайтын болды, одан қалса есеп береді, - деп күйінді ол.

Мөлдір Анарбаеваның сөзінше, шаруасы шаш-етектен мұғалімнің сонда үйінің шаруасына көңіл бөлетін уақыты жоқ. 

Негізі, жақсы болды, онсыз да сүйісіп жүр едік, енді тағы сүйісе береміз. Бірақ бұл бастама ұзаққа бармайды-ау. Екі күн түсіреді, үш күн түсіреді сүйіскенін, сосын жұрттың жыны ұстайды ғой. «Не мазақ бұл?!» дейді ғой, - деп күйінді спикер. 

Жалпы, аймақта бұл жобаға байланысты наразылығын білдіріп жатқандар көп. Мәселен, көп балалы ана Перизат Ұзақбекова балаларын есеп беру үшін еркелеткісі келмейтінін айтады.

Осы біздің шенеуніктердің денсаулығын тексерту керек сияқты. Әйтпесе, осындай жоба ұйымдастыра ма? Кез-келген ана өзінің бала-шағасын еркелетеді. Қалаған уақытында, қалаған сәтінде. Бірін жуындырып жатып, бірін ұйықтатып жатып еркелетеміз. Ал менің есеп беру үшін еркелеткім келмейді балаларымды, дәл сол уақытта мен күйеуіме тамақ беріп жатамын. Балаларымды еркелету үшін оны тамақсыз қалдыра алмаймын ғой, - дейді ол ашуланып, 

Айта кетерлігі, желіде «Еркелету сағатында» түсірілген видеолар мен фотолар көбейіп кетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы