Әулиеата топырағына 140 млн түп шамасында көшет егіледі
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 4,4 млн гектарға созылып жатыр. Ал бұл өңірдің 31 %-ға жуығын алып жатыр. Орман ағаштары отырғызылған аумақ 2,4 млн гектардай болады.
Аймақтағы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің сөзіне қарағанда, орман шаруашылығымен айналысатын мекемелерде 930-дың үстінде қызметкер жұмыс істейді. Олар былтыр 3 054 гектар жерге тал-дарақтар отырғызып, 2 750 гектар аумаққа сексеуіл тұқымын сепкен. Сонымен қатар, 49 гектар аумаққа қарағаш, жүзген, сексеуіл көшеттерін егіп, тұқымбақ жасақтапты. Күз айларында сексеуіл тұқымбақтары 44 гектарға арттырылып, 93 гектарға ұлғайған.
Орманды молайтуға және өсіруге бөлінген 33 млн 697 мың теңге, орманды өсіруге қаралған 45 млн 190 мың теңге қаражат толық игерілді. Біз мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген тапсырмалар мен міндеттерге иек арттық. Онда Президент республика аумағында отырғызылатын көшеттердің санын 2 млрд-тан асыру қажеттігін айтқан болатын. Соның 140 млн түбі Жамбыл облысындағы орман қоры аумағына егіледі. Алдағы бес жылда осы үдеден шығу үшін өңірде кешенді жоспар аясындағы жұмыстар 5 есеге көбейтіліп, 79,4 мың гектар жер дайындалады, - деді Аслан Ұланұлы.
Оның сөзінен білгеніміздей, бұдан басқа, аймақтағы елді мекен ішіне және маңына егілетін 970 мың түп көшетті де отырғызудың жөн-жосығы пысықталған. Басқарма басшысы өткен жылы Жамбыл облысында 19 орман өрті оқиғасы тіркелгенін де айтты. Өрт жалыны 41 777 гектарды шарпыпты, ал шығыны 15 млн 804,1 мың теңгені құраған.
Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі жайлымдылықтардан 1 561 пайдаланушы 1 161 582 гектар жер алды. Бұл аумақта 231 685 бас төрт түлік мал өрістейтін болады. Бұдан түскен қаражат 56 млн теңгеден асады. Биыл орман пайдаланушыларға мал жаюға рұқсат берілген жерлердің көлемі жалпы жайылымдықтың 64,7 %-ын алды. Енді қосымша 634 019 гектар алаңқайды, ағашы сирек өскен және өртенген жерді қысқа мерзімге жайылымдыққа пайдалануға беруге мүмкіндік бар, - деп атап өтті А.Оразбеков.
Былтыр Жамбыл облысындағы мемлекеттік орман қорының мамандары аңшылық алқаптарда, балық шаруашылығы су айдындары мен учаскелерінің резервтік қоры аумағында 1 425 рейдтік іс-шара жүргізген. Нәтижесінде 476 хаттама толтырылып, 7 042 мың теңге шамасында айыппұл салыныпты. Оның 6 299 мың теңгесі қазынаға құйылған.
Нақтылай айтатын болсам, «Сапсан» жедел қызметінің өзі жыл басынан бері 95 рейд жасап, 107 әкімшілік хаттама толтырды. Құқықбұзушыларға 6,9 млн теңге айыппұл салынса, олардан 54 аңшы мылтығы тәркіленді, оның 49-ы қаруды заңсыз пайдаланған. Біз ол қару-жарақтарды аудандық полиция бөлімшелеріне өткіземіз. Балық шаруашылығына келсем, қазіргі таңда өңірде 122 жергілікті маңызы бар су айдындары мен республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі қорғауымызда. Былтырғы 1 шілдеден биылғы 1 шілдеге дейін балық аулауға бөлінген квота 1 151 тоннаға жетіп жығылады. Бүгінге дейін балықшыларымыз 874,8 тонна өнім өндірді, - деді басқарма басшысы.
Жауапты маман өткен жылы 9 су айдыны бекітіліп, міндеттемелерін орындауда шегіншектеген 13 табиғат пайдаланушымен шарт бұзылғанын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, балық өнімінің өндіріс көлемін арттыру мақсатында өңірде балық шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы әзірленіпті. Онда 2030 жылға дейін 8 000 тоннадай балық өндіру жоспарланғаны жазылған. Мұның 942 тоннадан астамы көлден ауланатын тауарлы балық шаруашылығына тиесілі болса, 1 000 тоннадан көбісі жасанды тоғандардан, 752,5 тоннасы тоғандардан ауланбақ. Ал тор қоршамада балық өсіру 5300 тоннаны құрайтын болады.
Қордай, Шу, Мойынқұм, Жамбыл және Байзақ аудандары арқылы өтетін Шу, Талас өзендерінің бойынан жасанды балық өсіру тоғанын жасауға жарамды 24 жер учаскесі белгіленді. Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарына жататын тау бөктерлеріндегі 17 өзеннен форель өсіруге жарамды учаскелер анықталды. Қазіргі таңда аудан әкімдіктері жер учаскелерін аукцион арқылы бекітіп беру жұмыстарын жүргізіп жатыр, - делі ол.
Аслан Ұланұлы 2020 жылы Құлан ауыл шаруашылық колледжінде балық өсірудің қысқа мерзімді курсы ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Онда білім алған 15 азамат балық өсіру маманы куәлігін еншілепті.
А.Оразбековтің айтуынша, бүгінде рұқсатсыз орналасқан қалдықтардың 233 учаскесінен 194 орын жойылған. Енді 39 орынды жою қажет. Оның 26-сы Тараз қаласында болса, қалғандары Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарының аумағында. Бұлардың 24-і ірі көлемді құрылыс қалдықтарының үйінділері көрінеді.
Жауапты маман «Жамбыл су қоймалары» КММ теңгеріміндегі 5 су қоймасына өткен жылы 48,6 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін де айтты. Олар – Байзақ ауданындағы «Дәуітбай», Талас ауданындағы «Жәдік», Меркі ауданындағы «Аспара-3», «Кіші Арал», «Көлтоған» су қоймалары. Енді 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамту жол картасы аясында қаралған 121,6 млн теңгеге 10 су қоймасы жөнделмек. Бұлардың қатарында Жуалы ауданындағы «Шетбұлақ», «Жарбұлақ», «Береке», «Қайрат», Шу ауданындағы «Сарғау», Қордай ауданындағы «Ешкілі-Қордай», Байзақ ауданындағы «Қарабақыр», «Кеңес-2», Талас ауданындағы «Алтынкөл», Жамбыл ауданындағы «БАМ» су қоймалары бар.
Сондай-ақ биыл «Ерекше авариялы су шаруашылығы құрылымдарын қалпына келтіру» бюджеттік бағдарламасымен 72,5 млн теңгеге 7 су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл орайда, Жуалыдағы «Дарбаза», Меркідегі «Кеңес», «Ленин жолы», «СТФ», «Аспара-1», Талас ауданындағы «Қызыл әуіт» пен «Шабақты» су қоймалары қамтылады деп күтіп отырмыз. Жуалы ауданындағы «Береке» су қоймасының шығыс каналына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу де жоспарымызда бар, - деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінен аңғарғанымыз, Жамбыл облыс бойынша атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарындылар лимиті 2,614 мың тоннаға өсіпті, нақты көлемі, керісінше 5,9 мың тоннаға төмендеген. Аймақта кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге арналған келісімшарттар саны 153-ті құрайды екен, республикалық маңызды пайдалы қазбалар бойынша 48 келісім-шарт жасалған.
Аслан Ұланұлы кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиялар 49 кәсіпкерге берілгенін жеткізді. Ал республикалық пайдалы қазбаларды игеруге 59 кәсіпкерлік субъектісі құқық алыпты. Осы шаралардың арқасында жергілікті бюджетке 751 млн теңге көлемінде аударымдар жүргізілген. Негізгі жылдық жоспар 639 млн теңге шамасында болатын.