Әулиеата аймағында 5 жүзден аса би бар – сот өкілі

Жамбыл облысында 2019 жылдан бергі аралықта Билер кеңестері дау-дамайды сотқа дейін немесе сот үдерісі барысында шешу бағытында жемісті жұмыс жүргізіп, оң нәтиже көрсетіп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Өңірдегі соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембековтің айтуынша, олар аз ғана уақыт ішінде даулы мәселерді сотқа жеткізбей-ақ шешіп, адамдар арасында өзара тату қарым-қатынастың қалыпты сақталуына игі әсерін тигізуде.

Билер кеңесінің басты мақсаты да сол, қоғамдық қарым-қатынастардың тұрақтылығын сақтау, қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, билер институтын жандандырып, «ұлттық кодтың» құндылықтарын қолдану арқылы құқықты сананы өзгерту сияқты құндылықтарға саяды. Сонымен қатар ел тұрғындарының дауларды татуластыру рәсімдерімен реттеу мәдениеттерін арттыру да осы қатарға кіреді. Бүгінгі таңда Жамбыл облыстық сотының ғимаратында және өңірдегі барлық қала, аудан соттарында билер кабинеттері, татуласу орталықтары ашылған, - деді ол.

Жомарт Қауасұлының сөзіне қарағанда, әр аудан орталығында 5 адамнан тұратын Билер кеңесі құрылған. Облыс бойынша билердің жалпы саны 518-ге жетті, 400 адамға билер кеңесі құрамының мүшесі туралы арнайы сертификат берілген. Аймақтағы билер кеңесі барлық әдістемелік құралдармен жабдықталған.

Қала, аудан соттарында Билердің қатысуымен әрбір талап арыз, азаматтық істер бойынша медиация немесе бітімгершілік тәртібімен шешу тәжірибесі қалыптасып, тараптар даулы мәселерді бітімгершілікпен шешудің тиімділігіне көз жеткізіп отыр. Билер кеңесінің қатысуымен әрбір пайда болған дау-дамай, медиаторлардың тікелей араласуымен бірқатар күрделі проблемалар да өз шешімдерін тапқан. Билер кеңесі Жоғарғы Соттың «Отбасылық сот» пилоттық жобасының іске асырылуына белсенді ықпал етіп, отбасылық дауларды шешу үшін сотта немесе соттан тыс реттеу бойынша айтарлықтай көмек көрсетуде, - деп атап өтті спикер.

Жалпы, жыл басынан бері Жамбыл облысында 757 азаматтық іс бойынша билердің қатысуымен татуластыру рәсімдері жүргізіліп, 330 іс немесе 43,6 пайызы медиация келісімі арқылы қысқартылған. Өңірлік сот өкілі Тараз қаласы, Байзақ, Шу және Жуалы аудандық соттарындағы билердің көмегімен татуластыру жұмыстары айтарлықтай жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал Қордай, Талас, Сарысу, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Мойынқұм аудандық соттарының бұл бағыттағы жұмыстарының қарқыны төмен екені байқалады.

Сонымен қатар, соттардың жүктемесін азайту бығытында сотқа дейінгі, яғни соттан тыс дауларды шешуде билермен, медиаторлармен жұмысты ары қарай жалғастыру қажет. Медиация институтын дамыту, қоғамда келісім, адам құқықтарын құрметтеу, заң үстемділігін сақтау басты мақсат екенін халық түсінуі қажет. Бүгінгі таңда билер кеңесі қала аудан соттарымен тұрақты түрде соттан тыс және сотта қаралып жатқан істер бойынша татуластыруға барлық күш-жігерлерін жұмсап жүр деуге негіз бар, - деді құзырлы орган өкілі.

Жомарт Рүстембеков биылдыққа облыс соттарына отбасылық-неке даулары бойынша 2 672 талап-арыз түскенін жеткізді. Бұл көрсеткіш былтыр 2 588 болған екен. Оның ішінен 2040 іс қозғалған. 

Спикердің пайымынша, аталған статистикалық мәліметтер соттарға бұл санатта түсіп жатқан талап-арыздардың саны көбейіп, қаралған азаматтық істер өсіп жатқанын, яғни кейбір соттардың бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесі мен тиімділігінің төмендігін көрсетеді. 

Облыстық сот істерді қараған судьялардың белсенділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Судьяның істі қарауда белсенді болуы істің мән-жайының жан-жақты, толық көлемде зерделенуіне мүмкіндік береді. Алайда, кейбір судьяларымыз істерді қарағанда, белсенділіктерін көрсетудің орнына селқостық танытады. Мысалы, талап-арыз тиісті жауапкерге берілмеген болса, онда судья АПК-нің 50-бабының талаптарына сай, талап қоюшыға тиісті жауапкерге беру керек екенін түсіндіруі қажет, - деген Жомарт Қауасұлы бұл заң талаптары әркез сақтала бермейтінін де жасырмады.

Соттар, сонымен қатар істерді қарағанда тараптардың жарыспалығын қамтамасыз етіп, істің мән-жайын тараптардың немесе олардың өкілдерінің тікелей қатысуымен қарауы керек. Сот шешімдерінің сапалы болуына судьялардың дәлелдемелерді зерделеу кезіндегі белсенділігі үлкен септігін тигізетіні айқын.

Судьялардың сот процестерінде жеткілікті белсенділік көрсетпеуі істің мән-жайын толық зерттелмеуіне, іске қатысушы тараптардың құқықтарының бұзылуына, істерді толық және жан-жақты қаралу принципінің сақталмауына, нәтижесінде істердің ұзақ уақыт қаралып, өз шешімін таба алмауына әкеп соғады. Сондай-ақ 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап апелляцияда қаралған азаматтық істер бойынша бірінші сатыдағы сот судьяларының белсенділігіне мониторинг жасау қолға алынды. Мониторинг қорытындысы әрбір тоқсан сайын шығарылып отыратын болады, - деді сот өкілі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы