Әулет ізін жалғаушы: Әкем бастаған игі істі қостадым
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бір саланы ата кәсіп етіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келе жатқан әулеттер баршылық. Біз бүгін мұнайшылар отбасынан шыққан Аслан Базарбаевпен әңгіме өрбіттік.
Аслан Сүлейменұлы Атырау облысы Мақат ауданында мұнайшылардың отбасында дүниеге келген.
Әкем өмір бойы мұнайшы-оператор болып инженерлік қызмет атқарды. Әрине, бала кезімде мен оған қатты қызығып, үлгі тұтатын едім. Мектепті аяқтай сала әкемнің ізін жалғастырамын деген ниетпен Атырау мұнай және газ институтына «Мұнай және кен өндіру мен пайдалану» мамандығына түстім, - деді Аслан Базарбаев.
Ол атағандай, қазір мамандығы бойынша осы мұнай өндіру саласында еңбек етіп жүр.
Әулеттің ізін жалғастырушы ретінде осы салада еңбек етіп жүргенімді үлкен жауапкершілік деп санаймын. Тіпті өзімнің балаларымды да осы салаға баулысам деген де ниетім бар. Әрине, оны уақыт көрсетеді. Бірақ мұнайшылар ісі - берекелі іс. Өзіме жауапкершілігі де, қызығы да, шыжығы да ұнайды, - дейді Аслан Сүлейменұлы.
Мұнайшы қазіргі қызметі үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтады.
Барлық әрекетті бүге-шүгесіне дейін болжап, ойланып, саралап барып істеу керек. Біраз жаңа технологияларды үйреніп қана қоймай, оны артымыздан еріп келе жатқан жас операторларға үйретіп, тәжірибемізбен бөлісіп жүрген жайымыз бар. Ең басты ұстаным ретінде менің қарамағымдағы қызметкердің үйіне аман-есен жетуін алып жүрмін. Себебі әрбір қызметкердің артында отбасы, өзінің әулеті тұр деп білемін, - дейді ол.Аслан Базарбаев жұмысының қиын да күрделі тұстары өте көп екенін жеткізді.
Шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесі мен бөліскен білімін уақытында жадымызға түйіп үйренгеніміздің арқасында өзіме сенімдімін. Дүниежүзіне белгілі әрі күрделі Қашаған орнында газды қайта жер астына айдау мен газды өңдеу орталығының супервайзері болуым да осы жинақтаған кәсіби тәжірибемнің арқасында деп білемін, - дейді мұнайшы.Аслан Сүлейменұлының айтуынша, Қашағанды ағза ретінде қарастырсақ, барлық процесін үздіксіз режимде орындау керек.
Әрине, осындай дәрежеге жеткеніміз компания процедураларының дер кезінде іске асуының арқасында екеніне күмәнім жоқ. Осы салаға келудегі алға қойған мақсаттарым, алатын белестерім, жоспарларым орындалып келе жатыр деген ойдамын. Менің миссиям – әулетім бастаған істі жалғастыру. Оған қоса бұл тізбектің тоқтап қалмауын қамтамасыз етуім керек. Сол үшін де менің қызметіме бала-шағамды да баулып, қызықтырғым келеді, - дейді ол.Аслан Базарбаев ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін үнемі еске алып, өмірлік ұстанымы ретінде қарауға тырысатынын жеткізді.
Табатын, зерттейтін ғылым әлі алда деп үміттенемін. Қашаған кен орны қазақтың басына бұйырған батпандай бақ деп ойлаймын. Себебі елімізді мұнаймен қамтамасыз етіп отыр. Мұнай деген қара алтын. Осындай игі істің басында өзім жүргенімді де мақтан тұтамын, - деді Аслан Базарбаев.Айта кетейік, осыған дейін Қашаған кен орнында еңбек етіп жүрген мұнайшы Мәлік Сабырбаев және ұңғыманы бұрғылау маманы Нұрлан Бекпановпен сұхбаттасқан едік.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
4,5 мыңға жуық астаналық Pfizer вакцинасын салдырды
Келесі жаңалық
Бокстан Азия чемпионатына баратын ерлер құрамы белгілі болды
Өзгелердің жаңалығы