Ауласында қарасора өсірген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавл полицейлері "Қарасора-2020" жедел-алдын алу шарасы кезінде құрамында есірткі бар өсімдікті заңсыз өсірумен айналысқан бірнеше адамды анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласының 48 жастағы тұрғынының Заречный кентіндегі үйінің ауласынан 400-ден астам бұта қарасора табылды. Ер адамның құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді арнайы өсіріп жатқанын ауладағы жылыжайдың болуы және жылыжайдағы қыш құмыраларда өсіп тұрған бұталар куәландырады.

Үйінің ауласын тексере келе гүл өсіретін қыш құмыраларда қарасора өсіп тұрған жылыжай анықталды. Үй иесінің айтуынша, жылыжайды арнайы қарасора өсіру үшін тұрғызған. Сондай-ақ, алынған өсімдік тұқымдары да осы фактіні растайды, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Полицейлер жылыжайдан 80 түп, ауладан тағы 355 түп қауіпті өсімдік тапты. Сонымен қатар, тінту іс-шаралары барысында қалалықтан түрлі калибрдегі жауынгерлік және травматикалық патрондар, аңшы қаруының магазині мен оптикалық көздеуіш табылды.

Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру фактісі жөнінде ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Ұсталған адамның айтуынша, ол өсімдікті жеке мақсатта пайдалану үшін егіп-өсіргенін, ал қару-жарақты қараусыз қалған ғимараттан тауып алғанын түсіндірген.

Полицейлер сотқа дейінгі тергеу барысында барлық ақпаратты тексереді. Барлық табылған қарасора түптері жойылды. Алынған есірткі – кептірілмеген марихуананың жалпы салмағы 5 килограмм 90 грамды құрады, бұл аса ірі көлемге жатады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сараптамалар, оның ішінде сот-баллистикалық түрі де тағайындалды, оның нәтижелері бойынша оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактісі бойынша жауапкершілікке тарту туралы мәселе шешілетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы