Ауладан қатты гүрілдеп өтетін көлік иелеріне жаза қандай?
Тұрғын үйлердің ауласынан түнгі уақытта көлікті гүрілдетіп өтетіндер көбейген.
Алматыда түнгі уақытта қатты шу шығаратын скөліктерге қатысты бақылау күшейтілді. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаз мезгілінде қатты дыбыс шығаратын көліктерге қатысты құқық бұзушылықтар жиілеген.
Өкінішке қарай, жаз мезгілінде мұндай фактілер көбейді. Егер полиция қызметкерлері осындай құқық бұзушылықты анықтаса, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Атап айтқанда, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған, – деді Тимур Ноғайбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ полиция көліктің техникалық тұрғыда заңсыз қайта жабдықталғанын анықтаған жағдайда, иесіне қосымша әкімшілік шара қолданылады.
Басқарма басшысы мұндай көліктерді анықтау мақсатында күн сайын рейдтік іс-шаралар жүргізілетінін атап өтті.
Рейдтер күн сайын өткізіледі. Әсіресе демалыс және мереке күндері бақылауды күшейтеміз. Жұма және сенбі күндері осы бағыттағы жұмыстар белсенді түрде жүргізіледі, – деді ол.
Полиция тұрғындарды түнгі тыныштықты сақтауға шақырып, заңсыз өзгертілген көліктерге қатысты бақылау жалғасатынын жеткізді.