Қауіпті қылмысты ашқан полицейлер марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызметтік міндеттерін адал орындағаны және аса қауіпті қылмысты ашуда көрсеткен жоғары кәсібилігі үшін Қызылорда облысының полицейлері марапатталды, деп хабарлады Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қыркүйек айында Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық резонанс тудырған қарақшылық шабуылын ізін суытпай ашты. Бұл орайда, департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Шалхаров 20-дан астам қызметкерді алғыс хаттармен және грамоталармен марапаттады.

Атап айтқанда, Қызылорда қаласы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Фазылов Азамат Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің бұйрығымен Құрмет грамотасымен марапатталса, тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Еркінбекұлы Табиғат, Қызылорда облысы ПД ЖПҚ инспекторы, полиция аға лейтенанты Руслан  Баймұратов және Қызылорда қаласы ЖПҚ учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Мейрамбек Достыбаев ҚР ІІМ-нің грамоталарымен марапатталды.

Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Қызылорда қаласының ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Ерболат Рүстембеков, Қызылорда облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Дархан Әбдібеков, криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Асылбек Қыдыров және криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Нұғман Аманжолов алғыс хаттармен марапатталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы