Қауіп сейілді деп бейқамдық танытуға болмайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының медициналық қызмет сапасын мониторингтеу бөлімінің жетекшісі Сандуғаш Болысбекова елімізде бүгіннен бастап карантин шараларының жеңілдетілуіне байланысты халық арасында сақтық шараларына қатысты түсіндіру жұмыстарын әлі де белсенді жүргізу керегін айтады.
Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануы, медициналық ұйымдар жүктемесінің төмендегені, вирустық инфекцияның тәуліктік өсімі 0,5%-ға дейін төмендегені негізінде, сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да ведомстволар мен құзыретті органдардың ұстанымын ескере отырып, Мемлекеттік комиссия шектеу шараларын жеңілдетуді кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын бекітті. Ол жай ғана жоспар емес, онда барлық моменттер ескеріліп құрастырылған. Сондықтан, оны дұрыс па, бұрыс па деп бөлудің өзі дұрыс емес шығар. Ең дұрысы - қойылған талаптарға сай әлеуметтік қашықтық, міндетті санитарлық талаптар ‒ барлығы мұқият сақталуы тиіс және бұл заман талабына сай азаматтардың күнделікті өміріндегі үйреншікті ережеге айналуы керек, - дейді ол.
Сарапшы қазіргі уақытта "ұят болады" деген ұғымнан алшақтау керегін айтады.
Бүгіннен бастап барлық өңірде жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілердің тізбесі мен оларға қойылатын талаптар бекітілді. Егер де қойылған талаптар қатаң сақталатын болса, қорқудың еш қажеті жоқ деп есептеймін. Сонымен қатар, халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу керек, халыққа уақытша "ұят болады" деген ұғымнан алшақтап, қатаң түрде сақтық шараларын, арақашықтықты сақтау керектігі мен адам көп жиналатын жерлерге бармауға тырысу керектігін барынша жан жақты түсіндіру қажет, - дейді ол.
Сандуғаш Болысбекованың айтуынша, жағдай толықтай бақылауға алынғанымен, індеттің кез келген жерде қайта өршуі мүмкін екенін естен шығармау қажет.
Қазіргі таңда коронавирус жұқтырғандар саны азайды, жоспарлы түрде провизорлық және инфекциялық профильді орындар қысқартылып жатыр, жағдай бақылауға толығымен алынды. Дегенмен, індет кез келген уақытта, кез келген жерде қайта өршуі мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, қауіп сейілді деп бейқамдық танытуға болмайды. Барлығымыз сақтық шараларын міндетті түрде сақтап жүруіміз керек, - дейді Сандуғаш Қиясбайқызы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
"Шаңырақ" бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталды
Келесі жаңалық
Бокстан Азия чемпионатына баратын ерлер құрамы белгілі болды
Өзгелердің жаңалығы