Ауғанстанда университетке шабуыл жасалып, 19 адам қаза болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауғанстандағы Кабул университетіне қарулы адамдар шабуыл жасап, кем дегенде 19 адам қайтыс болып, 22 адам жараланды. Қарулы адамдар мен қауіпсіздік күштері арасында атыс бес сағатқа созылды.
Азаттық радиосының мәліметіне қарағанда, шабуыл болар алдында университетте ауған-иран кітаптарының көрмесі өтіп жатқан.
"Талибан" қозғалысының өкілі Забиулла Муджахид қозғалыстың бұл шабуылға қатысы жоғын айтты. Шабуылды ешқандай ұйым мойнына алған жоқ
Ауғанстан ішкі істер министрлігінің өкілі Тарик Ариан қарулы үш адам университет кампусына кіріп, оқ ата бастаған. Оның сөзінше, шабуылдаған үш адам да қаза тапты.
Ауғанстанда оқу орындарына жиі шабуыл жасалады. Қазанда Кабулдың шииттер көп тұратын аумағындағы оқу орталығына шабуыл жасалып, 24 оқушы қайтыс болған. Шабуылды "Ислам мемлекеті" террорлық тобы өз мойнына алған. Өткен жылы Кабулдағы университет сыртында бомба жарылып, сегіз адам көз жұмды. 2016 жылы Кабулдағы Америка университетіне де бір адам шабуылдап, 13 адамды өлтірген.
Ауғанстандағы Талибан тобы мен ел билігі Катарда ондаған жылға созылған соғысты аяқтау үшін Катарда келіссөз өткізсе де, елде шабуылдар бәсеңдемей тұр.