Ауғанстан-Пәкістан шекарасындағы қақтығыс: Не белгілі?
Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы шекарада, Пактия провинциясында қос елдің шекара қызметтері арасында қарулы қақтығыс орын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Tolo News-тің америкалық Х әлеуметтік желісіндегі жарияланымына сәйкес, Пактия провинциясының Пәкістанмен шектесетін бірнеше ауданында ауған және пәкістандық шекарашылар арасында ұрыс жүрген.
Қауіпсіздік саласындағы дереккөздердің мәліметінше, ауған күштері Дюранд шекаралық сызығына жақын маңдағы Пәкістан базаларын атқылаған. Бұл шабуылдар Пәкістанның әуеден жасаған операцияларына жауап ретінде жүзеге асқан. Кейбір базалар басып алынғаны айтылып, қақтығыс кезінде 12 пәкістандық әскери қызметкер қаза тапқаны белгілі болды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Пактиядағы Данд-и-Патан ауданындағы ұрыстар салдарынан бейбіт тұрғындар өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
Исламабадта орналасқан пәкістандық Dawn газетінің хабарлауынша, Пәкістан қауіпсіздік күштері шабуылға «дер кезінде және қатаң» жауап берген. Олар ауған аумағындағы бірнеше база мен «жауынгерлік позицияларға» ауыр соққы жасағанын мәлімдеген.
Ресми тұлғалардың айтуынша, Пәкістан армиясы артиллериялық соққы, танктермен атқылау, жеңіл және ауыр қарулармен қаруланған. Сондай-ақ операцияларға ұшқышсыз ұшатын аппараттар да қатыстырылған.
Пәкістан 19 шекаралық бекетті басып алды деп мәлімдеді
Пәкістанның мемлекеттік телеарнасы PTV News қауіпсіздік саласындағы дереккөздерге сілтеме жасап, Пәкістан армиясы Ауғанстанға тиесілі 19 шекаралық бекетті басып алғанын хабарлады.
Хабарламада көрсетілгендей, басып алынған бекеттердегі адамдар қаза тапқан, ал ауған күштері кейбір бекеттерден қашып кеткен, қалғанында өрт шыққан.
Пәкістандағы жергілікті дереккөздер түнгі қақтығыстардан кейін Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы Торхам шекара өткелі жабылғанын мәлімдеді.
Ауған тарапы "кек алу операциясының" тоқтағанын хабарлады
Ауған тарапы шекара өткелінің жолаушылар, транзиттік көлік және босқындар үшін жабылғанын растады.
Tolo News-ке пікір білдірген дереккөздер Пактия провинциясының Ариуб-Зази және Ангур-Ада аудандарында Пәкістан тарапынан минометпен атқылау жалғасып жатқанын жеткізді.
Ауғанстан Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде:
Пәкістанға қарсы жауапты әрі сәтті операциялар түн ортасында тоқтатылды, бірақ ел шекарасын қорғауға әрқашан дайынбыз, – делінген.
Ауғанстан: 58 пәкістандық әскер қаза тапты
Ауған үкіметінің ресми өкілі Забихулла Муджахид шекарадағы қақтығыстар кезінде 58 пәкістандық әскери қызметкер қаза тауып, 30-ы жараланғанын хабарлады.
Оның айтуынша, Ауғанстан тарапынан 20-дан астам адам қаза тапқан. Ұрыстар Катар мен Сауд Арабиясының өтінішінен кейін тоқтатылған.
Муджахидтің мәлімдеуінше, Пәкістанның түнгі әуе операцияларынан кейін ауған шекарашылары көптеген қару-жарақ пен техникаға ие болған. Алайда Пәкістан да, Ауғанстан да бірін-бірі бейбіт тұрғындарға оқ атты деп айыптауда.
Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс
9 қазанда Ауғанстан астанасы Кабулда жарылыс дыбыстары естілген. Марғха ауданында Пәкістан әскери ұшақтарының әуе соққысы жасағаны хабарланды.
Сол оқиғалардан кейін Ауған билігі Кабул мен Марғхадағы жарылыстарға Пәкістанды кінәлады.
Пәкістан тарапы бұл әуе соққысына қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.