«Ауған отын кешкендер»: Астана мен Алматыда ерекше көрме өтті

Елордалық Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде және Алматы қаласындағы Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейінде Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына арналған көрмелердің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Астана қаласының әскери музейіне қойылған жәдігерлермен Ауған жауынгерлері Қайрат Елубаев, Ғалым Қожабеков, отставкадағы генерал-майор Тұрсын Уажанов, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың әскери қызметшілері және «Батырлар» клубының тәрбиеленушілері танысты.

Көрмеге қойылған 300 экспонаттың ішінде арнайы мақсаттағы 177 жасақ командирі, атақты Қара майор – полковник Борис Керімбаевтың жеке заттары мен киімдері бар. Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастығы Арман Асенов Қорғаныс министрінің атынан ауған ардагерлеріне «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл» төсбелгісін табыс етті.

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде ашылған көрмеге келушілердің назарына жүзден астам экспонат – марапаттар, хаттар, құжаттар, сарбаздар мен офицерлердің жеке заттары қойылды. Кеңес дәуіріндегі киім-кешек пен қару-жарақ, сондай-ақ ауған дұшманының киімдері көрмеге келушілердің ерекше қызығушылығын туғызды.

Көрмеге ауған ардагерлері, әскери қызметшілер, шекарашылар, әскери-техникалық мектеп пен «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері келді.

Айта кетсек, көрмеге қатысқан Десанттық-шабуылдау әскерлері материалдық қамтамасыз ету полкінің әскери қызметшілері 1983 жылғы 27 сәуірден 1984 жылғы 17 сәуірге дейін Ауғанстан Демократиялық Республикасына интернационалдық көмек көрсету жөніндегі жауынгерлік тапсырманы орындағаны белгілі.

Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестіктері үйлестіру кеңесінің төрағасы Марат Әбдішүкіров интернационалист жауынгерлер бүгін де кез келген сәтте елді қорғауға дайын екенін атап өтті.

Іс-шара соңы Ауғанстандағы соғыс кезіндегі интернационалист-жауынгерлердің сүйікті әндері орындалған концертпен аяқталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы