Әуезовтің 125 жылдығына арналған ультрамарафон басталды
Бүгінгі «Семей – Бөрілі: жастар жалыны Жаңа Қазақстанға» ультрамарафонын Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Alikhan Bokeikhan University-мен бірлесіп ұйымдастырды, деп BAQ.KZ.
Оның мақсаты – қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын насихаттау, сондай-ақ қоғам назарын салауатты өмір салты мен бұқаралық спортқа аудару.
Марафонның басты қатысушысы –Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Рамазан Салықжанов ультрамарафонды Мұхтар Әуезов атындағы алаңнан бастады. Жүгіру бағыты Семей қаласынан атақты жазушы дүниеге келген жер Бөрілі ауылына дейін созылады.
Рамазан Салықжанов 85 шақырым қашықтықты 9 сағатта алғаш рет еңсеріп, өзінің жеке рекордын орнатуды жоспарлап отыр. Бұған дейін спортшы Шымкент марафонында бір жарым сағат ішінде 21 шақырым жүгірген болатын. Бүгінгі марафонға ЕҰУ оқытушысымен бірге алғашқы 10 шақырымда студенттер де жүгірді.
Бүгінгі іс-шараның маңыздылығы - өскелең ұрпақтың тарихқа деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын ояту, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау. Осы марафон арқылы біз халық жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы мұрасына құрмет көрсетеміз. Мұхтар Әуезов спортқа белсене араласып, Қазақстандағы алғашқы футбол командасының құрамында өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. Бұл - жас ұрпаққа өнеге. Мен біздің ЕҰУ спортпен белсенді айналысуға және бұқаралық жүгіруге қатысуға жағдай жасағанынына қуаныштымын. Бұл марафон дәстүрге айналып, оның аясында жаяу, велосипедпен жүру үшін туристік бағыттар қалыптасады деп сенемін. Бұл алдағы уақытта өңірдің туристік әлеуетін дамытуға оң әсер етеді, - деп атап өтті ЕҰУ ғалымы.
Сондай-ақ, ЕҰУ доценті Абай облысының оқу орындарында оқушылар мен студенттер үшін жүгірудің дұрыс техникасы және бұқаралық спортты дамыту туралы шеберлік сыныптарын өткізді.
Айта кету керек, Еуразия ұлттық университеті студенттер мен оқытушылар арасында салауатты өмір салты мен спортты белсенді түрде насихаттайды. ЖОО-ның 25 жылдық мерейтойына орай ЕҰУ-да 7000 шаршы метрден асатын студенттік спорт кешені және елордадағы ең ірі скалодром салынды. Сонымен қатар университетте ондаған спорт секциялары жұмыс істейді. ЖОО студенттері мен оқытушылары жыл сайын республикалық және халықаралық жарыстарда жүлдегер атанады.