Әуезов театры мен Өнер академиясы ғимараттарының тозығы жеткен. Абаев қандай тапсырма берді?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Мәдениет және спорт министрлігінің алқалы отырысында хабарлады. Оның айтуынша, бүгінде елімізде 7637 мәдениет нысаны жұмыс істеп тұр.
Тағы да 300-ден астам мекемеге сұраныс бар. Мұндай қажеттілік, негізінен, ауылдық жерлерде. Дей тұрғанмен, салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар мұндай мекемелердің көпшілігі тұрғындардың талап-тілегін ескермей салынатынын айтады. Соның салдарынан салынған мекеме қаңырап бос тұрады. Сол үшін, жоспарлаған кезде тұрғындар пікірін ескеру өте маңызды, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол кейбір республикалық мәдениет ұйымдары ғимараттарының техникалық жағдайы төмен екендігіне тоқталды.
Оған өзім куә болдым. Өздеріңіз де хабардар шығарсыздар, біз қазір Министрлікке қарасты барлық ұйымдарды аралап жүрміз. Басты мақсатымыз – жағдайға толыққанды қанығып, проблеманың бәрін айқындау. Содан кейін осы мәселелерді ретімен шешу жоспарын жасаймыз. Мәселен, Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты толықтай қалпына келтіруді қажет етеді. 40 жылда ғимаратқа бір де бір рет күрделі жөндеу жасалмаған. Сондықтан театр өзінің ғасырлық тойын жөнделген ғимаратта қарсы алуға лайықты деп ойлаймын, - деп ағынан жарылды министр.
Сонымен қатар Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының бас корпусы да айтарлықтай ескірген.
Арнаулы аудиториялар, тәжірибе сабақтарына арналған павильондар, жатақханада орындар жетіспейді. Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы мен Республикалық академиялық неміс драма театры да жөндеуді қажет етеді. Осыған орай, салаға жетекшілік ететін вице-министрге 35 мәдениет нысанының құрылысын және 265 нысанның жөнделуін бақылауға алуды тапсырамын, - деді Дәурен Абаев.