Әуезов театры 95 жылдығын атап өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 95 жылдығына және «Ұлттық» мәртебесін иеленуіне арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар жиынға М. Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, М. Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек, Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының директоры Ая Қалиева, М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының директоры Юрий Якушев, Құрманғазы атындағы Ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды қатысып, баяндама жасады.  

Айта кетейік, өткен жылдың аяғында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бірқатар өнер ошағына «Ұлттық» мәртебесі берілген еді.

Іс-шара барысында министр қазақ мəдениетін байытуға үлес қосып келе жатқан бірқатар театр қызметкерін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасымен марапаттады.


Ақтоты Райымқұлова өз сөзінде «Ұлттық» мәртебесіне ие болған өнер ошақтарын құттықтап, өткен жылы атқарылған жұмыстың бір парасымен таныстырды. 

Біз өткен 2020 жылы алдымызға бірқатар маңызды міндеттер қойып, абыроймен орындадық. Мысалы, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде 1 қаңтардан бастап мәдениет және архив ұйымы қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, өңірлерде 35%-ға дейін өсті. Жалпы мұндай өсім республика бойынша шамамен 34 мың адамды қамтыды.  Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі өз жалғасын табатын болады. Ал өткен жылдың 1 қаңтарына бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп пен колледж қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 2023 жылға дейін 25%-ға ұлғайып келеді, - деді министр.

Мәдениет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіліп жатыр. Заң жобасы кітапхана ісі, мәдениет ұйымдары, шығармашылық одақтардың, баспа ісі мен концерттік қызмет саласын дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға, көрерменді мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу кезінде музыкалық шығарма орындаушылардың фонограмманы пайдаланатыны жайлы міндетті түрде хабардар етуге бағытталған.


Сонымен қатар аталған заңнаманың маңызды нормасының бірі – ол бұдан былай квазимемлекеттік сектордағы акциялары мемлекетке тиесілі мәдениет ұйымдарын жекешелендіруге жол берілмейді. Өздеріңізге белгілі бұл мәселе «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамын жекешелендіруге байланысты туындаған болатын. Қазіргі таңда бұл мәселе осы Заң аясында шешімін тауып, енді «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы жекешелендіруге жатпайтынын мәлімдеймін ,- деп қорытындылады Мәдениет басшысы.

Сондай-ақ министр «Ұлттық театрға 95 жыл» атты мерекелік концерт пен «Абайдың жұмбағы» драмасының премьерасына қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы