Әуежайға танысын шығарып салуға барған ақтөбелік үш бап бойынша жауапқа тартылды

Ақтөбе қаласының әуежайында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған 53 жастағы тұрғын жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ақтөбе қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған 53 жастағы қала тұрғынын анықтап, ұстады. Ол жолаушыларды шығарып салу кезінде алкогольдік масаң күйде болып, айналасындағыларға балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, құқық бұзушыны әкімшілік хаттама толтыру үшін полиция бөлмесіне жеткізу кезінде ол тәртіп сақшыларына қарсылық танытып, заңды талаптарына қасақана бағынбай, жағдайды ушықтырған.

Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК үш бірдей бабы бойынша жауапкершілікке тартылды: қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу немесе масаң күйде келу; ұсақ бұзақылық; сондай-ақ құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау. Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен құқық бұзушыға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (196 600 теңге) айыппұл салынды, – деді Қ.Мәжікенов.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ұшақта төбелес болып, шетелдіктер қамауға алынған болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы