Әуежайды су басты
Ақтауда кеше қатты нөсер жауын болып, халықаралық әуежай мен "Маңғыстау-Арена" спорт кешені су астында қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Куәгерлер әлеуметтік желіге оқиға сәтінен бейнеролик жүктеген. Онда әуежайдың күту залында төбеден су тамшылап, еденде үлкен шалшықтар пайда болғаны байқалады.
Халықаралық әуежайдың баспасөз қызметі жағдайға түсініктеме берді.
Бұл уақытша жағдай. Себебі қатты жауын-шашын инфрақұрылымды қысқы кезеңге дайындау жұмыстары кезінде болды. Барлық техникалық шаралар жоспарға сай атқарылуда. Қызметкерлер жедел әрекет етіп, суды дереу тазалады. Күту залы қалыпқа келтіріліп, жұмыс штаттық режимде жалғасуда, - делінген ресми хабарламада.
Әуежай өкілдері күзгі-қысқы маусымға дайындық алдын ала басталғанын, шатырдың жағдайына, және жылыту жүйелеріне ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.
Жолаушыларға түсіністік танытқаны үшін алғыс айтамыз және келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз. Әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етуде, – деді баспасөз қызметі.