Әуесқой-орнитолог Ертіс өңірінде тіршілік ететін 200-ден астам құс түрін фотоға түсіріп алған
Ертіс өңірінің тұрғыны Кәрімжан Жәкенов зейнеткерлікке шыққан соң фотоға ден қойып, бұл өнердің «бердинг» бағытында шеберлігін шыңдап келеді, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда Кәрімжан Жәкенов құстардың фотопортреттерін түсіріп, облыс тұрғындары арасында танымалдылыққа ие болды. Зейнеткерлікке шығарда фотоаппарат сатып алып, құстарды түсіре бастаған. Бұл өнер түріне қызыққаны соншалық, осы күнге дейін 200-ден астам қанаттының портретін жасаған.
Бір құсты фотоға түсіріп алу үшін табиғат аясында ұзақ уақыт өткізу керек. Айналадағы дыбыстар, шуларды тыңдай білу керек. Кей кездері бір фото түсіру үшін жүздеген шақырымдық жолды еңсеру керек. Бір сөзбен айтқанда, бақылау керек. Бұл серуенді «фотоаңшылық» деп атаймын. Мәселен, торғай сияқты кішкентай құстар аса биік емес ағаштарда ұя салады, ал жыртқыштар биіктікті жақсы көреді. Мен Усолка шағын аудандағы орманда сарнауық торғай, тоқылдақ, ұзын құйрықты шымшық, суықторғайды кездестірдім. Павлодар облысының түкпір-түкпірін аралап шықтым деуге болады, - дейді әуесқой фотограф.
Кәрімжан Жәкенов фотоөнерге 10 жыл бұрын қызығушылық танытқан. Алғашқы құстарын Ертіс өзенінің бойында ұшып жүрген бір топ құсты түсіріп алған. Әдемі қанаттылар пайызторғай болып шықты. Сол сәттен бері зейнеткердің қолынан фотоаппарат түскен емес.
Фотоколлекциямда Қызыл кітапқа енген сирек құстар да бар. Оларды көріп, түсіріп алғаныма қуанамын. Мәселен, бұрын Қазақ даласында көптеп кездесетін дуадақтар. 150 жыл бұрын оларды адамдар таяқпен ұрған деседі. Міне, сегіз жыл бойы дуадақтарды фотоға түсіре алмай отырмын, - дейді Кәрімжан Жәкенов.
Бүгінгі күнге дейін зейнеткердің жеке көрмесі тұрақты ұйымдастырылып келеді. Мәдени шара құстарды қорғау күні қарсаңында дәстүрлі түрде өткізіледі. Көрмеге келушілердің қатарында оқушылармен қатар ересек азаматтар да көп. Айта кетейік, Ертіс өңірінде бас-аяғы 300-ге жуық құс түрі тіршілік етсе, олардың 200-ден астамын Кәрімжан Жәкенов фотоға түсіріп алған.
Әуесқой фотограф – «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі. Жас буын өкілдерімен құстар туралы жинаған мол ақпарат пен фотоөнердегі тәжірибесімен бөлісіп жүрген жайы бар.