Әуелхан Жатқанбаев өмірден өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейдің Таулы Алтай Республикасы Қосағаш ауданының экс-әкімі Әуелхан Жатқанбаев өмірден өтті. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бұрынғы қызметкері Ботагөз Уатхан хабарлады.
Қосағаш ауданы әкімі қызметін атқарып тұрған шағында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының көптеген іс шараларына белсене ат салысып, талай іс атқарған, отбасымызбен жақын дос болған Жатқанбаев Әуелхан Жәзитұлының өмірден өткені туралы қаралы хабарды естіп, құлазып отырмыз - деп жазды ол.
Әуелхан Жатқанбаев 1954 жылы 15 сәуірде Қосағаш ауданы Қарлы ауылында туған.
1986 жылы Барнаул қаласындағы ауылшаруашылығы институтын, 1991 жылы Новосібір мемлекеттік университетінің мамандарды қайта дайындау факультетін тәмамдаған.
Қосағаш ауданы «Төбелер» орта мектебінің мұғалімі, «Путь к коммунизму» колхозының кәсіп одақ төрағасы, «Калинин» колхозының төрағасы, Қосағаш ауданы әкімі қызметтерін атқарған.
Екі мәрте Алтай Республикалық Эл Құрылтай мемлекеттік жиын депутаты болып сайланған, «Құрмет белгісі» орденінің кавалері.
Ұлтым дегенде ішкен асын жерге қоятын ұлтжанды азамат болды. Ресей қазақтарының кіші құрылтайын және де Қазақ күресінен Азия чемпионатын бірнеше мәрте өткізгеніне куәміз. Ресей жерінде қазақи үлгідегі «Жаңа ауыл» колхозын орнату ісіне көп еңбек сіңірді. Қазақстанда өткен көптеген іс шараларға зор үлесін қосты. Бізге жеткен қаралы хабар бойынша, марқұм Тыва елінің Қызыл қаласындағы ауруханада 2020 жылғы 03 желтоқсан күні 67 жасқа қараған шағында қайтыс болған. Жатқан жері жәйлі, топырағы торқа болсын! Марқұмның отбасына, туыстарына, жерлестеріне қайғырып көңіл айтамыз - деді Ботагөз Уатхан.