Әуеден барлау: өрт сөндірушілерге жол беріле ме?

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі «Заң және тәртіп» қағидаты аясында шұғыл қызметтерге басым әрі кедергісіз жол беруді насихаттайтын «Жол бер!» республикалық профилактикалық акциясын жалғастырып жатыр. Аталған акция Алматы мен Шымкент қалаларында да өткізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтауда акция аясында кезекті әлеуметтік эксперимент ұйымдастырылды. Блогер Үсен Абзал дрон арқылы аэробейнежазба жасап, өрт сөндіру көлігінің жарық және дыбыстық дабылдары қосылған сәтте жүргізушілердің әрекетін бақылаған. Биіктен түсірілген бейнекадрлар жол қозғалысына қатысушылардың арнайы техникаға дер кезінде жол беретін-бермейтінін анық көрсетеді.

Құтқарушылардың айтуынша, әрбір секундтың кешігуі адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Ал өрт сөндіру және құтқару қызметтеріне уақытылы жол беру олардың оқиға орнына жедел жетуіне мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар мұндай акциялар жолдағы нақты жағдайды көрсетуге және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

«Жол бер!» акциясы жүргізушілер арасында тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға, арнайы көліктерге жол берудің маңызын нақты мысал арқылы түсіндіруге бағытталған. Мұндай іс-шаралар жол қауіпсіздігін арттырып, жол қозғалысы мәдениетін нығайтуға септігін тигізеді.

ТЖМ барлық жүргізушілерді жолда мұқият болуға, арнайы қызмет көліктеріне міндетті түрде жол беруге шақырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы