Әуеде пауэрбанк өртеніп, ұшақ шұғыл қонуға мәжбүр болды
Қытайдың Air China әуе компаниясына тиесілі ұшақ Ханчжоудан Сеулге бет алған кезде салонда пауэрбанк өртеніп, қою түтін шыққан. Экипаж өртті дереу сөндіріп, әуе кемесін қауіпсіздік мақсатында Шанхайға қондырды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі New York Post-қа сілтеме жасап.
Ханчжоу – Сеул бағытымен ұшқан Air China әуе компаниясының CA139 рейсінде төтенше жағдай болды. Жолаушылардың бірі қол жүгіндегі пауэрбанкты үстіңгі сөреге қойған. Сол жерден құрылғы кенеттен жана бастаған.
Куәгерлердің айтуынша, алдымен жарылыс дауысы естіліп, артынша қою түтін мен жалын шығып, салонда дүрбелең туындаған.
Air China компаниясының мәліметінше, борттағы литий аккумуляторының өздігінен тұтануы салдарынан ұшақ Шанхай Пудун халықаралық әуежайына шұғыл қонуға шешім қабылдаған. Экипаж мүшелері өрт сөндіргіштермен дереу әрекет етіп, жалынды өшірген.
Ұшақ Шанхайға сәтті қонған. Air China өкілдері ешкім жарақат алмағанын және әуе кемесіне құрылымдық зақым келмегенін мәлімдеді.
Кейін жолаушылар басқа ұшаққа орналастырылып, сапарларын жалғастырған.
Дереккөздің жазуынша, өртке пауэрбанк батареясы себеп болған, бірақ құрылғының маркасы мен өндірушісі әзірге анықталмаған.
Еске салайық, бұған дейін Тұркияда әуе компаниясы ұшаққа пауэрбанк әкелуге тыйым салған болатын.