Әуе жүк тасымалы: Қазақстан 2040 жылға дейін ірі транзиттік ойыншыға айналуды көздейді

Қазақстан әуе транзитін дамытпайынша, халықаралық жүк тасымалындағы бәсекеде артта қалуы мүмкін. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік жүк авиахабтарын дамыту мәселесіне арналған кеңесте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы көлік-тасымал саласындағы басым бағыттарды атап өтіп, әлемдік бәсекенің күшейгенін ескертті.

Күллі әлем елдері транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Қазір Қазақстан арқылы жөнелтілетін жүк, негізінен, автомобиль және теміржол арқылы тасымалданады. Бірақ сарапшылар жыл өткен сайын әуе жолдары арқылы өтетін жүк тасымалының үлесі артады деп болжайды. 2040 жылға қарай әуе жүктерінің 20 пайызы “Азия – Еуропа” бағытына тиесілі болмақ, – деді Президент.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның географиялық орналасуы үлкен артықшылық екенін атап өтті.

Еліміз Еуропа мен Азия арасындағы негізгі әуе жолдарының түйіскен тұсында орналасқан. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек. Транзиттік жүк тасымалы үшін аймақта бәсеке күшейді. Көлік-логистика саласына инвестиция тарту бойынша да талас қыза түсті. Біз батыл әрі тиімді шешімдер қабылдауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, негізгі әуежайларда толыққанды жүк авиахабтарын құру – өзекті міндет. Қазіргі инфрақұрылымның жеткіліксіздігі транзиттік әлеуетті толық ашуға кедергі келтіріп отыр.

Транзиттік карго-трафиктің қосымша құны төмен. Жүк тасымалдаушылар көбіне жанармай құю немесе техникалық қажеттілік үшін ғана тоқтайды. Әуежайлар жүкті өңдеу және жинақтауға аса құлықты емес. Инфрақұрылым дайын емес. Сондықтан арнайы экономикалық аймақтардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуіміз керек. Берілетін жеңілдіктер әрбір хабтың ерекшелігіне қарай жасалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке өңірлік авиахабтарды дамыту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Мақсат – мультимодальді логистика жүйесін күшейтіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін толық іске асыру.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы