Әуе қозғалысын басқару жөніндегі нұсқаулыққа өзгерістер енгізіледі
Қорғаныс министрлігі «Әуе қозғалысын басқару жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» қорғаныс ведомствосы басшысының 2019 жылғы 25 қарашадағы № 963 бұйрығына өзгерістер дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрліктің мәліметінше, нормативтік құқықтық актінің жобасы оны «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының 25-бабы 5-тармағының және "Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" ҚР Заңы 1-тарауы 1-бабы 66-тармағы 3-тармақшасының талаптарына сәйкес келтіру мақсатында әзірленді.
Техникалық түзетулермен қатар Нұсқаулықтың 43-тармағына толықтыру енгізілді. Ұшуды басқару топтарына, командалық пункттердің есептоптарына, әуе қозғалысын басқару орталықтарына, авиацияны бағыттау пункттеріне, әуе кемелерінің ұшуын басқаруды жүзеге асыратын алдыңғы қатарлы авиациялық нұсқаушыларға әуе қозғалысын басқару орталықтары қосылды.
Бұйрық жобасының толық мәтінімен "Электрондық үкімет" порталында "Ашық НҚА" бөлімінде биылғы жылдың 13 наурызына дейін мына https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14955975 сілтеме бойынша танысуға болады.