Әуе қорғанысы күштерінің қатарын толықтырған жас сарбаздар ант берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қарулы Күштер қатарын толықтырған жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өткізілуде. 

Әуе қорғанысы күштерінде 1 200-ден астам жас сарбаз Отанға адал болуға ант берді.

Әдеттегі дәстүр бойынша рәсім Қарулы Күштер ардагерлерінің, шақырылған қонақтардың, сондай-ақ болашақ Отан қорғаушылардың ата-аналары мен туыстарының қатысуымен өтеді.

Жас жауынгер курсын аяқтаған кешегі әскерге шақырылушы Отан алдында адал болуға ант берген соң ғана толыққанды әскери қызметші атанады.

Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдерінде қызмет етудің өзіндік ерекшеліктері бар. Қарулы Күштердің бұл әскер түрі көбіне ұдайы жауынгерлік тұрғыда әзір болып, елдің әуе шебін күзетуде тәуліктік жауынгерлік кезекшілік атқарады. Бұл мақсатта байланысшылар, электриктер, көп осьті машиналардың жүргізушілері, автоматтандырылған басқару жүйелерінің инженерлері, көп арналы станциялардың операторлары және басқа да білікті мамандарды даярлау жүргізіледі. Қызмет аяқталғаннан кейін осы мамандықтарды меңгеріп, ұдайы дене жаттығулары мен әскери режимінен кейін жетіле бастаған жастар, әдетте азаматтық салада да сұранысқа ие болады.

Бір жыл бойы мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер әскери ғылымның қыр-сырын меңгеріп, арнайы білімдерін жетілдіріп, дағдыларын машықтайды, қызметті ұғынады. Жүргізілген талдауға сәйкес мерзімді қызметтегі әрбір бесінші әскери қызметші Қарулы Күштер қатарында келісімшарт негізінде қызметін жалғастырады немесе жоғары әскери оқу орындарына түседі екен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы