Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында салтанатты жиын өтті

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 50 жылдық тарихы бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Институттың тарихы 1974 жылдың жазында Ақтөбе азаматтық авиация жоғары ұшу училищесінің құрылған күнінен басталады. 1994 жылы Әскери-әуе күштерінің әскери факультеті ашылды, ал екі жылдан кейін оқу орны Ақтөбе жоғары әскери авиациялық училищесі болып қайта құрылды. 1998 жылдың жазында офицерлердің алғашқы шығарылымы өтті. Бүгінде институт түлектері жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып жүр, Қазақстанның қорғаныс қабілетін арттыруға елеулі үлес қосып келеді.

Мерейтойға арналған салтанатты іс-шаралар екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Мерейтойлық салтанаттарға тұңғыш қазақ ғарышкері, Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Қарулы Күштердің ардагерлері мен институт түлектері қатысты.

Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты авиацияның кадрлар даярлайтын ордасы, еліміздің мақтанышы болып саналады. Бүкіл ұжымды мерейтойымен құттықтаймын! Сіздердің игі істеріңізге табыс, зор денсаулық, кәсіби жетістіктер мен ашық аспан тілеймін, – деді авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров.

Мерейтойға орай Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров көктемгі су тасқыны ауданында құтқару жұмыстары кезінде табандылық көрсеткендерді атап өтіп, институттың 7 әскери қызметшісін "Өңірге сіңірген еңбегі үшін" төсбелгілерімен марапаттады. Мерейтой мерекесі концерттік бағдарламамен жалғасты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы