Әуе қорғанысы күштері: жауынгерлік дайындық басты назарда

Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов Алматы және Жетісу гарнизондары бөлімшелерінің қысқы оқу кезеңіне дайындығын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Кешенді комиссия Алматы гарнизонына жұмыс сапары барысында әскери бөлімдер мен бөлімшелердегі объектілердің, қару-жарақтар мен әскери техникалардың жай-күйін, оқ-дәрілердің сақталуын, жауынгерлік кезекшілік пен әскерлер қызметін ұйымдастыру мәселелерін зерделеді. 

Жетісу гарнизонындағы авиациялық базада ұшу және инженерлік-техникалық құрамдардың, әсіресе ұшқыш-нұсқаушылардың, сондай-ақ қамтамасыз ету бөлімшелерінің дайындық деңгейі тексерілді. Авиациялық техниканы қысқы пайдалану режиміне көшіру бойынша маусымдық жұмыстардың орындалу сапасына баса назар аударылды. 

Әуе қорғанысы күштерінде жаңа оқу кезеңінде жауынгерлік даярлықтың қарқындылығын арттыру көзделіп отыр. Ұшу құрамының ұшу сағаттары, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бөлімшелерінде – әуе кеңістігін қорғауға бағытталған арнайы жаттығулардың көлемі ұлғайтылатын болады. Бұл ретте барлық санаттағы жеке құрамның кәсіби деңгейін арттыруға, ұшу аппараттарына, қару-жарақ жүйелері мен әскери техникаға апатсыз қызмет көрсетуге ерекше назар аударылмақ. 

Комиссия мүшелері мерзімді қызметтегі әскери қызметшілермен, жас лейтенанттармен және әскери оқу орындарының сержант түлектерімен кездесті. 

Әуе қорғанысы күштерінің барлық бөлімдері мен бөлімшелерінде жауынгерлік дайындық қарқынды түрде жүргізілмек. Ұшу және инженерлік-техникалық құрам оқу-жаттығу ұшулары кезінде өз шеберлігін ұдайы жетілдіріп отырады. Әуе шабуылына қарсы қоғаныс әскерлерінің жеке құрамы тәулік бойы елдің әуе кеңістігін бүркемелеу шараларын орындайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы