Аударыспақтан Қазақстан құрамасы топ жарды

Татарстан Республикасының астанасында аударыспақтан 3-ші әлем чемпионаты өтті. Қазан қаласында өткен ат үстіндегі күрестен (аударыспақ) әлем чемпионатына әлемнің 6 елінен, 8 құрама команда қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ."Ұлттық жəне ат спорты түрлері орталығы" РМҚК ақпаратына сүйеніп.

Атап айтар болсақ Моңғолия, Татарстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Башқұртстан, Түрікменстан мен Қазақстаннан барлығы 45-ке жуық спортшы бақ сынады.

Қазақстанның намысын Азамат Серғазин, Шыңғысхан Ержанов, Дарын Өткелбай, Алтай Сүйеубаев, Төлеби Қайыржанов, Арман Сағынбаев қорғады, - деп хабарлады Ұлттық жəне ат спорты түрлері орталығы. - 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Азамат Серғазин, 80 келіде Дарын Өткелбай, 90 келі салмақ дәрежесі бойынша Алтай Сүйеубаев, 100-ден жоғары салмақта Арман Сағынбаев қарсылас шақ келтірмей алтыннан алқа тақты. Ал 70 келіде бақ сынаған Шыңғысхан Ержанов қола жүлде иеленсе, 100 келіде күрескен Төлеби Қайыржановқа күміс жүлде бұйырды.

Осылайша, 8 құраманың арасынан топ жарған Қазақстан, командалық есеп бойынша 1-орынды иеленді. 2-орын Қырғызстан, 3-орын Татарстанның ұлттық құрамасына бұйырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: baq.kz
Өзгелердің жаңалығы