Аударыспақ нағыз жігіттердің спорты – балуан

Бүгін - Ұлттық спорт күні. Осы орайда Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі қазақтың қанға сіңген ұлттық сайысы аударыспақтың бүгінгі жай-күйі жайлы спортшы Сырым Ізбасаровтың пікірін білді.

Қазақтың ұлттық спорты - аударыспақ сайысында 15 жылдың тәжірибесі бар спортшы Сырым Ізбасаров бұл жарыста бұрмалаушылық болмайтынын айтады.

Мен Түркістан облысы, Төле би ауданының тумасымын. Аударыспақ спортында жүргеніме 15 жыл өтіпті. Осы уақыт аралығында көптеген жарысқа қатысып, жүлделі орындардан көріндім. Меніңше, аударыспақ спорты - нағыз ер-азаматтардың жарысы. Білекті, жүректі, ептілікті қажет ететін ойын. Күші мен айласы келіскен балуан жеңіске жетеді. Бұрмалаушылық болмайды, - дейді ол.

Балуанның айтуынша, аударыспақ спорты елімізде жоғары қарқынмен дамып келеді.

Бізде қуанышты күндер көбейіп жатыр. 2023 жылы Татарстандағы әлем чемионатына 6 спортшымыз қатысып, 4 алтын, 1 күміс жүлде иеленді. Қазақ елінің көк туы көкте желбіретті. Ойын ұлттық арналардан көрсетілді. Жастарымыз көріп, қызығушылық танытты. Қазіргі уақытта аударыспақ спорты жылдан-жылға дамып келеді. Әлемге таныту үшін жарысты көбірек өткізу қажет. Азия, әлем чемпионаттарын ұйымдастыру керек. Осылайша, көрермендері көбейіп, жас балуандарының саны артпақ, - дейді спортшы.

Сондай-ақ ол аударыспақ спортында кездесетін басты қиындық - жарысқа жарамды ат табу екенін атап өтті.

Аударыспаққа ат табу қиын. 10 ат болса, соның екеуі ғана жарайды. Оның ішінде қазақтың қарабайыр жылқысы шыдамды келеді. Бұл - жылқы мен спортшының бабы шыңдалатын спорт, - дейді Сырым Ізбасаров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы