"Ұлттық аударма бюросының" қызметі талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорының басшылығымен кездесу болды.
Комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы әлемнің жетекші университеттерінің үздік оқулықтарын мемлекеттік тілге аудару және жалпы жобаның нәтижесін бағалау жөнінде ұйым қызметін қорытындылауға бағытталған кездесудің негізгі мақсатын атап өтті.
Қоғамдық қордың атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасының аясында тарих, философия, әлеуметтану, психология және тағы басқа салалар бойынша қазіргі заманғы үздік кітаптар мемлекеттік тілге аударылуда. Еліміздің алдыңғы қатардағы оқу орындары және оқытушылар, ғалымдар, әдебиетшілер мен баспагерлер арасынан 300-ден астам маман оқулықтарды аудару жұмысына атсалысты. Оқулықтар мәтіндері әдеби және ғылыми редакциялаудан бірнеше мәрте өтеді.
Кездесу барысында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының проректоры Шәріпбек Әмірбеков қашықтан сөз алып, осы жоба аясында оқулықтарды аудару сапасы бойынша талдау нәтижелері туралы айтты.
Кездесуге қатысушылар аударма ісін дамытудағы ағымдағы мәселелерді және кітаптарды мемлекеттік тілге аударудың келешегін талқылады.
Шараға білім және ғылым, мәдениет және спорт министрліктерінің өкілдері қатысты.