Аударма арқылы өзге тілден жаңа мазмұн алу өте маңызды – Көшербаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген мәжілісінде айтты.

Дүниедегі ең озық оқу орындарының бағдарламасына кірген ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер қазақ тіліне аударылды. Олар бұған дейін әлемнің ондаған тіліне аударылып, ілгері дамыған қоғамдарда миллиондаған тиражбен тараған. Біздің де оқытушылар мен студенттердің осындай мазмұнға қол жеткізуі үлкен олжа. Бұл, қажет десеңіздер, «Болашақ» бағдарламасының ауқымы кең жалғасы. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біздің 20 мыңдай студентіміз әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінен білім алды. Ал енді өз елімізде оқитын жарты миллион қазақстандық студент сол Кембридж, Оксфордтың, Гарвардтың үздік оқулықтарымен қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік алды, – деді Мемлекеттік хатшы.

Қырымбек Көшербаев ауқымы кең, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі зіл батпан осындай жобаны жоғары деңгейде атқарып шыққан «Ұлттық аударма бюросына» ризашылығын білдірді.

«100 жаңа оқулықтың» арқасында біз қоғамдық сана үшін аса маңызды бірқатар гуманитарлық білім саласының мазмұнын түбегейлі түрде жаңарттық. Көп жағдайда әлі де таптық, формациялық, идеологиялық сипатта баяндалып келген философия, тарих, әлеуметтану, саясаттану, заң мен құқықтану, журналистика, мәдениет және өнертану, тіл білімі, шығыстану, әдебиет теориясы, педагогика және психология секілді ғылымдар пәнаралық, өркениеттік және гуманистік бағыттағы жаңа мазмұнға ие болды, - деді ол.

Оның айтуынша, осы жобаның арқасында біз қазақ тілінде әлі дами қоймаған бірқатар мүлде жаңа салалары ашылды.

Экономикс, микро және макроэкономика, менеджмент және маркетинг, қаржылық сауаттылық, ағылшын заңы, статистика, сандық және сапалық зерттеу әдістері, этика мен эстетика, антропология, интернет психологиясы, медиа этика, өнер тарихы, театр және кинотану, сценаристика секілді тұтас жаңа бағыттар пайда болды, - деді Көшербаев.

Ол атағандай, аударма арқылы өзге тілден жаңа мазмұн алу өте маңызды.

Сонымен қатар өз ерекшелігімізді, қазақ мәдениетін, руханиятын басқа тілдерде таныстыру, әлемге насихаттау да аса маңызды. Бұл алыс-беріс екіжақты болғаны дұрыс. Бұл бағытта да «Ұлттық аударма бюросы» арқылы бірнеше көлемді, сәтті жобалар іске асты. Атап айтсақ, 60 қазақстандық ақын-жазушылардың таңдаулы шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 ресми тіліне аударылып, осы 6 тілде сөйлейтін 90 елдің кітапханаларына таратылды. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен Абайдың 175 жылдығына орай ұлы ақынның жинақтары әлемнің 10 тіліне аударылып, таратылды, – деді Қырымбек Көшербаев.

Мемлекеттік хатшы аталған жұмыстардың жалғасуы керек екенін, жоба аясында оқулықтар және көркем әдебиетпен ғана шектелуге болмайтынын атап өтті.

«100 жаңа оқулық» жобасы арқылы біз әлемдегі ең жақсы деген оқу құралдарын, ең танымал ғалымдардың идеялары мен еңбектерін Қазақстанның әр студентіне жеткіздік. Олар кітап түрінде, онлайн курс ретінде ашық және қолжетімді. Мұның барлығы оқимын, білім аламын деген жастарға жасалған жағдай, мемлекеттің қамқорлығы, – деді Мемлекеттік хатшы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы