Аудандық ауруханада ангиограф орнату инсульттен құтқаруға көмектеседі

Нурия Ниязова өзінің депутаттық сауалында Алматы облысының тұрғындарын уақтылы медициналық көмекпен қамтамасыз ету және инсульттан болатын өлім-жітімді азайту шараларын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенатордың айтуынша, 2022 жылы Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы бірнеше негізгі себептің арқасында ауданаралық орталыққа айналды. Ауруханада қажетті жабдықтары бар инсульт орталығы және реанимациялық қызмет пен шала туған нәрестеге күтім жасайтын, босануға көмек көрсететін 3 деңгейдегі перинаталдық бөлім бар. Аурухананың жақындығы пациенттерді Кеген, Райымбек, Талғар, Ұйғыр аудандары мен Шелек ауылының медициналық мекемелеріне жеткізу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Алайда, қан айналымы жүйесінің ауруларын сапалы емдеу үшін ауруханада арнайы жабдық – ангиограф жетіспейді. Оны ауруханаға орнату үшін барлық нормалар мен стандарттарға сәйкес келетін бөлме де, жүрек пен қан тамырына операция жасайтын бөлме де дайын.

Ұйымда интервенциялық кардиохирургия бойынша өздерінің кадр ресурсы бар. 10 жылдан бері III деңгейдегі инсульт орталығы тиімді жұмыс істеп келеді, онда толық көлемдегі нейрохирургиялық қызмет жасалады. Қазіргі кезде Еңбекшіқазақ ауруханасының ғимаратын күрделі жөндеу басталды және ангиографиялық қондырғыны жеткізу уақыты мен құрылыс-монтаж жұмысының мерзімі үйлестірілді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Алматы облысының тұрғындарына арнап теріні тесу арқылы ем-дом жасау орталығын шұғыл ашудың қажеттігіне байланысты еңбекке қабілетті халықты ғана емес, барша азаматтардың өмірін сақтап қалу үшін Еңбекшіқазақ көпсалалы ауруханасын биыл ангиографиялық жүйемен толықтыруды қолдауды сұраймыз, - деді Нурия Ниязова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы