Аудандарда жағдай тұрақталды – Қарағанды облысының ТЖД

ТЖД бастығы Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысында су тасқыны жағдайы тұрақтануда. Су тасқынына қарсы белсенді іс-шаралар Ақтоғай және Нұра аудандарында жалғасуда. Тоқырауын және Нұра өзендерінің арнасы бақылауда.

Еріген сулардың өзен арнасы арқылы қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін Нұра және Ақтоғай аудандарына ТЖД қосымша күштері көшірілді. Өңірде су қоймаларынан су ағызу жылдамдығы төмендеді.

Негізгі күштер қазір облыс өзендері қосылатын Нұра өзені ағатын Нұра ауданында шоғырланған. Онда 300 адам, 50-ден астам техника жұмылдырылған. Негізгі міндет – Нұра өзенінің арнасы бойынша су массасын өткізу. Нұра өзенінің жоғарғы ағысындағы су қоймаларынан су ағызу азайды. Самарқанд су қоймасынан ағызу секундына 383 текше метрге дейін, Жартас су қоймасынан секундына 256 текше метрге дейін төмендеді. Тек Ынтымақ су қоймасынан ағызу секундына 1200 текше метр көлемінде жүзеге асырылуда, Нұра мен Шерубай-Нұраның жоғарғы ағысындағы салалар белсенді емес, өзендер өз арналарында ағып жатыр. Барлық аудандарда жағдай тұрақталды, - деді Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов. 

Қазіргі уақытта Қарқаралы, Шет, Бұқар жырау, Осакаров және Абай аудандарында су тасқыны жағдайы тұрақты, бірақ Ақтоғай ауданында жұмыстар әлі де жалғасуда. Тоқырауын өзенінің бойында орналасқан үш елді мекен бақылауда қалып отыр. Онда ТЖД қызметкерлері қорғаныс біліктерін тұрғызып, қапшықтарды төсеуде.

Жалпы өңірде құтқарушылардың тәулік бойы кезекшілігі жүзеге асырылады, жұмыстарға өңірдің ТЖД бөлімшелері, Қорғаныс Министрлігі және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы