«Аудандарда зертхана» жобасы 34 аудан орталығында кәсіп бастауға қолдау көрсетпек

Қазақстандағы ауыл тұрғындарының қала тұрғындарына қарағанда көп қызметке қолы жетпейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кафе, жеткізу қызметтерін айтпағанда, сапалы медицинаға, зертхана кабинеттеріне тапшылық жоғары. Қазақстандағы әр бесінші ауыл тұрғыны, яғни 1,5 млн-ға жуық азамат өзі тұрып жатқан аймақта бара алатын зертхана жоқ. 

2021 жылғы статистикаға сүйенсек, 164 ауыл мен кішігірім қаланың елуінде зертхана жоқ. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін «Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту» қоры Aitas KZ холдингінің қолдауымен  «Олимп» КДЗ мен INVIVO компанияларымен бірлесіп 2021 жылғы мамырда «Аудандарда зертхана» жобасын қолға алды. 

Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының денсаулық сақтау бағдарламасының үйлестірушісі, жоба кураторы Фатима Герфанова  қор ең әуелі Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауданындағы Үлкен Нарын мен Катон-Қарағай ауылдарында зертхана ашу үшін грант бөлгенін атап өтті. 

Қалалардан шалғай жатқан ауылдарда зертхананың болуы сол елді мекеннің әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқаратынына әбден көзіміз жетті. Оған қоса бұл жобаның әлі де кеңейтуге болатынын түсіндік, - деді жоба кураторы Фатима Герфанова. 

Жоба Қазақстандағы барлық аудан орталығын зертханамен қамтамасыз етуді көздейді. Ол үшін кәсіпкерлерге 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі. Бұл ретте екі маңызды шартты ескерген жөн. Ең алдымен, кәсіпкер грант берілген күннен бастап 30 күн ішінде қаражатты пайдаланғанын растауы керек және алғашқы жылы зертхана жұмыс істеп тұруы тиіс. Егер қызметкерлер табу, пайда немесе басқа да себептермен зертхана бір жылдың ішінде жабылса, грант иегері қорға қаражатты қайтаруға міндетті.  

 Жоба басталған бір жарым жыл ішінде қор қолдауымен Қазақстанның 8 аймағында жалпы құны 120 млн теңгеден асатын 15 зертхана ашылды. Осылайша, 30 жұмыс орны іске қосылды. 

Кәсіпкер Исламбек Сәрсенов 2022 жылғы желтоқсанда Түркістан облысы Сауран ауданы Шорнақ ауылында зертхана ашқан. 

Өзім бұған дейін аудандық емханада жұмыс істедім. Өз ісімді бастау әуелден ойымда жүрген еді. Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының гранты туралы естігенде, мұның маған беріліп тұрған мүмкіндік екенін түсіндім. Кәсібім дамып, бұдан әрі де кеңейе түседі деп сенемін, - дейді кәсіпкер. 

Қорды алаңдататын мәселелердің бірі – аудандық ауруханалардың басшылығының кәсіпкерлік бастаманы қолдамауы. Бұл жерде мәселе жеке мүддені алға тартуға келіп тіреледі. Кәсіпті жүргізу мәдениетінің төмендігі де атап айтар мәселе. Кәсіп иелері көбіне жобаның тап болар тәуекелдерін ескермейді, кіріс пен шығысты болжамайды. 

Қазір 8 аймақтағы 34 аудан орталығында зертхана жоқ. Қор бұл жерлерде 2023 жылы зертхана ашуды көздеп отыр. Негізінен Батыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында зертхана тапшылығы жоғары. Кәсіпкерлер Қор зертхана ашуды қолдайтын аудан орталықтарының тізімімен https://lab-grant.kz/ сайтында таныса алады. Өтініш қалдырып кетсе, қор қызметкерлері ниетті адаммен тез арада байланысады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: «Аудандарда зертхана» жобасы
Өзгелердің жаңалығы