Аудандағы ақырғы ардагерлер
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Қазалы ауданынан 10 770 адам майданға аттанған. Олардың 6229-ы аман-есен елге оралады. Жылдан жылға майдангерлердің қатары азайып барады.
Бүгінде ауданда 5 соғыс ардагері – Пірназар Мырзатаев, Тілеубеген Тобабергенов, Қалеп Бектұрғанов, Лепес Әуесбаев, Қабақ Смағұл бар.
Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевтың айтуынша, соғыс және тыл ардагерлерінің үйлерін жөндеп беру, оларды шипажайларға демалдыру сияқты жеңілдіктер жасалған.
«Ардагерлеріміздің денсаулығы жіті қа қадағалауда. Олардың жағдайын жасау үшін аудандық ауруханада, теміржол ауруханасында арнайы ардагерлер бөлмесі жұмыс істеп тұр. Одан басқа, сәуірде Жеңістің 74 жылдығы құрметіне соғыс апдагерлеріне 202 мың теңгеден берілді. Осы айда тағы 303 мың теңгеден аудару жоспарлануда. Ал соғыс жылдарындағы мінсіз қызметі үшін КСРО-ның орден-медалдарымен марапатталған азаматтар, тылда кемінде алты ай жұмыс істеген ардагерлердің әрбіріне қаржылай біржолғы көмек төленді. Олардың ерлігі мен еңбегінің арқасында бүгінде баянды да бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Ардагерлерімізді құрметтеу шараларын ешқашан тоқтатпаймыз», – дейді аудан әкімі.
Қазалы ауданындағы көзі тірі бес соғыс ардагерінің бірі – Қабақ Смағұлов. Бекарыстан би ауылында тұратын 96 жастағы майдангер халықтың, соның ішінде жастардың, ел азаматтарының сый-құрметіне, көрсетіліп жатқан көмектеріне дән риза. Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында ақсақалдың арманы орындалып, қуанышы еселенді. Майданға аттанып, сүйегі жат жерде қалған әкесінің зираты табылыпты.
«Өзім соғыстан аман оралғаныммен әкем Смағұлдан хабар-ошар болмады. Екеуміз армияға бірге аттанғанбыз. Бұл 1942 жылдың маусымы болатын. Орынборға дейін бірге бардық. Ары қарай екеуіміз екі жаққа кеттік. Мен Мәскеу бағытындағы майдандарда болдым. 1943 жылы қыста Орел деген қаланы азат ету кезінде жараланып, госпитальға түстім. Соғысқа жарамай елге қайтып келдім. Ал әкемнің қайда кеткені белгісіз. Әдепкіде майданнан үйге хат жазып тұрыпты. Соңғы хатында жарақаттанғанын жазған. Содан кейін хабар жоқ», – дейді Қабақ ақсақал.
Қарияның шөбересі Мұхтардың айтуынша, кейінірек Смағұл Жетесовтің Беларусияның Витебск облысында шейіт болғаны туралы айғақ табылыпты.
«70 жылдан аса уақыт өтті ғой, сонда да атамыздың үміті үзілмеді. Әкесін сағынады, арманы – зиратын тауып, Құран оқыту. Мен сол арманын орындау үшін ақпан айында Беларусь жеріне аттандым. Витесбк облысының Дубровинск ауданына қарасты Боброво жеріндегі бауырластар зиратынан Смағұл Жетесовтің аты-жөнін де таптық. Осында жерленіпті. Бір уыс топырақ алып елге қайтып келдім. Ауылдағы Смағұл атамыздың ескерткіш белгісіне сол топырақты қойдық. Ағайын-тума бас қосып, Құран оқыттық. Сөйтіп, атам Қабақтың көңілі бірленіп қалды», – дейді қарияның шөбересі.
Айта кетейік, «Қызыл Жұлдыз» орденін кеудесіне таққан майдангер Қабақ Смағұлұлы зайыбы Күлжан екеуі 10 бала тәрбиелеп, өсірді. Олардан 21 немере, 20 шөбере, шөпшек сүйіп отыр. Жасы 96-ға келсе де ширақ қимылдайды, көңілі сергек, сөзі анық. 95 жасына дейін ауласындағы бақшаны, жеміс ағаштарын өзі күтіп-баптады. Қорадағы малдың жем-шөбін де өзі беретін. Қазіргі күні ақсақал сырқаттанып жүргесін үй шаруасымен айналысуды қойды.